Қысқы универсиаданы қай телеарнадан көруге болады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең, 12 қаңтарда жалауын көтеретін Қысқы универсиаданы қай телеарна көрсететіні белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл отызыншы мәрте өтетін дүбірлі доданы тікелей эфирде көрсету міндетін «Qazsport» телеарнасы өз міндетіне алып отыр.

Айта кетсек, универсиада АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында 12-22 қаңтар аралығында өтеді. Әлемдік додаға 50 елден 1 443 атлет қатысады деп жоспарланып отыр. Студенттер спорттың 12 түрінен 86 жүлде жиынтығын сарапқа салады.

Аталған жарыста еліміздің намысын 78 спортшы қорғайды.

Бұған дейінгі универсиадаларда қазақстандық студенттер 2017 жылы жоғары нәтиже көрсетті. Еліміздің Алматы қаласында өткен бәсекеде олар 11 алтын, 8 күміс пен 17 қола олжалады. Нәтижесінде барлығы 36 медальмен Қазақстан жалпы командалық есепте екінші орын алды.

Биылғы Қысқы универсиаданың көрсетілім кестесі «Qazsport» телеарнасының әлеуметтік желілеріне күнделікті жарияланады.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қысқы универсиадада шорт-трек, коньки спорты және мәнерлеп сырғанаудан өнер көрсететін спортшылар белгілі болды.

Сондай-ақ, аталған жарысқа қатысатын Қазақстан хоккей құрамасы анықталды.


Соңғы жаңалықтар