00:50, 15 Қаңтар 2023 | GMT +6
Қысқы универсиадада Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медаль түсті
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық биатлоншы Вадим Куралес Лэйк-Плэсид (АҚШ) қаласында өтіп жатқан қысқы универсиаданың чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Вадим Куралес 15 шақырым қашықтықта жекелей сында мәре сызығын бірінші болып қиды.
Жарыс жолына 16-ыншы болып шыққан Вадим нысана көздеуден бір ғана рет (0+1+0+0) мүлт кетіп, 42:37.4 минут нәтиже көрсетті.
Норвегиялық биатлоншы Эрьян Мосенг қазақстандықтан 42,6 секундқа қалып қойып, екінші орынға ие болды. Франциялық Аксель Гарнье (+1:16.5) үздік үштікті түйіндеді.
Қазақстандықтардан бүгін сондай-ақ Александр Мухин, Кирилл Бауэр және Бекентай Тұрлыбеков осы қашықтықта сынға түскенімен, олар жүлдеге іліге алмады.
Осылайша, Қазақстан қоржынына алғашқы жүлде – алтын медаль түсті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қысқы универсиадада мәнерлеп сырғанаудан қазақстандық жұптың 10-орын алғанын жазған болатынбыз.
Фото: sports.kz