Қысқы универсиада: Қазақстан хоккейшілері Латвияны ойсырата жеңді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Красноярск қаласында қысқы универсиада ойындары аясында шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы алғашқы ойынында Латвия құрамасын 10:1 есебімен ойсырата жеңді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Универсиадада біздің жігіттер В тобында сынға түседі. Қарсыластары - Канада, Швеция, Швейцария, Латвия және Ұлыбритания құрамалары.

Бүгінгі кездесуде Қазақстан құрамасы өте сенімді ойын көрсетті. Олар ойынның алғашқы кезеңінде жауапсыз төрт шайба соқты. Атап айтқанда, 8-минутта Аркадий Шестаков, 12-минутта Кирилл Савицкий, 15 және 16-минутта Антон Никряч қарсыластар қақпасынан саңылау тапты.

Екінші кезеңде біздің құрама тағы да үш шайба енгізді. Бұл жолы 24-минутта Никита Титов гол соқса, 30-минутта Кирилл Савицкий есепті ұлғайта түсті. Ал 34-минутта Александр Пелевин мергендік танытты. Біздің жігіттер 36-минутта өз қақпасына бір шайба жіберіп алды.

Соңғы кезеңде біздің құрама үш шайба соғып, қорытынды есепті белгіледі. Алдымен 43-минутта Антон Никряч, 5-минутта Артем Лихотников шайба соқты. Қорытынды есепті Андрей Яковлев белгіледі. Осылайша Қазақстан құрамасы Латвиядан 10:1 есебімен басым түсті. Латвия кеше 1 наурызда Швейцарияны 6:4 есебімен тізе бүктірген еді.

Біздің топта тағы да екі ойын өткізілді. Швейцария Швецияны 3:1, Канада Ұлыбританияны 12:0 есебімен жеңді. Бұл топтағы келесі тур ойындары 4 наурызда болады. Қазақстан Швециямен, Ұлыбритания Швейцариямен, Канада Латвиямен кездеседі. Ал А тобында 1 наурызда Чехия АҚШ-ты 4:1, Венгрия Жапонияны 3:2, Ресей Слованияны 2:1 есебімен жеңді.

Естеріңізге сала кетелік, қысқы Универсиада ойындарының ашылу салтанаты Астана уақытымен 19.00-де басталады. Біз бұдан бұрын бендиден Қазақстан құрамасының жеңіліп қалғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар