Қысқа дайындық: ШҚО-дағы 386 жол учаскесінде бақылау күшейтілген

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары қыс мезгіліне дайындалу үстінде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша қар жиі басатын жалпы ұзындығы 816 шақырымды құрайтын 386 жол учаскесінде бақылау күшейтілген. Жолда қалғандарға көмек көрсететін 19 жылыту пункті бар. Сондай-ақ тәулік бойы 4 трассалық-медициналық құтқару пункті жұмыс істейді.

«Жеке құрамнан 3 123 адам, 406 қар тазалайтын, 214 инженерлік, 96 эвакуациялық және 153 өтімділігі жоғары техника сақадай сай. Бұл техникалар «Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнарлары», «Өскемен-Шемонаиха-РФ шекарасы», «Өскемен-Семей», «Өскемен-Тарғын-Самар», «Теректі-Урунхайка-Төсқайың» тасжолдарының маңына қойылды», - деді басқарма бастығының міндетін уақытша атқарушы Дмитрий Титов.

Қар көшкіні жүру қаупі бар кезеңде мамандар апта сайын тиісті учаскелерді тексереді. Қажет болған жағдайда профилактикалық көшкін жүргізіледі.

«Ауа райы жағдайы нашарлайтыны болжанған кезде тұрғындарға «Дәрмен» мобильді қосымшасы, БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі арқылы ескертулер жасаймыз. Жүргізушілер жолдардың жағдайы туралы ақпаратты үнемі қадағалап отыруы керек», - деді Д.Титов.



Соңғы жаңалықтар