Қышқала қалашығында археологиялық қазба жұмыстары басталды - Қызылорда облысы

None
None
СЫРДАРИЯ. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы Қышқала қалашығында археологиялық қазба жұмыстары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Археологиялық қазба жұмыстары Қызылорда облысының Тарихи және мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңестің шешімімен қолға алынып отыр. Қазба жұмыстарын елімізге белгілі тарихшы-археолог Мадияр Елеуов басшылық ететін «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы жүргізуде. Жоба Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында жүзеге асырылып отыр.null

Бұл бағытта бұрынғы жылдарда да нәтижелі жұмыстар жасалып келді. Соңғы жылдардағы археологиялық зерттеулердің басты бағытының бірі - ХІІІ-ХV ғасырлармен шамаланатын Қышқала орта ғасырлық қалашығы қалдықтары. Неғұрлым маңызды ескерткіш саналған археологиялық нысанның шағын ғана бөлігіне алдын ала жүргізілген қазба нәтижесі бойынша Қышқала ірі сауда-қолөнер қалаларының бірі деп болжауға болады.

«Археолог» орталығының басшысы Мадияр Елеуовтің айтуынша, қала Жібек жолы бойындағы ең маңызды өткелдің бірінде орналасқан. Ол бүгінгі күнге дейін сақталған Томарөткел жанынан бой көтерген. Табылған қыш ыдыстардың сынықтары бойынша жорамалдасақ, қалашық құрылысы Х-ХІ ғасырларда басталған. Ал қайнаған өмір ХІІІ ғасырдың екінші жартысында Алтын Орданың сауда байланыстары жандануы басталғанға дейін тоқтаған.null

Қалада ішкі сауда дамығаны аңғарылады. Жалпы 30 гектарға жуық аумақты алып жатқан шаһардың солтүстік шетінде қыштан соғылған үлкен сарайдың қалдықтары сақталған. Бұл жердің шеберлері көптеген сан алуан шаруашылық, тұрмыстық және құйма қышын дайындаған. Жекелеген үй-жайлардың көшеге қарайтын алдыңғы беттері ойып жасалған кірпіштермен әшекейленген.

Соңғы жаңалықтар