Қырымбек Көшербаев: Сыбайлас жемқорлық - мемлекет дамуына кедергі келтіретін үлкен кесел

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақордада Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өттіі, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыста мемлекеттік-жеке меншік әріптестік (МЖӘ) шеңберінде шарттар жасасу кезіндегі заңдылықтың жай-күйі мәселелері талқыланды. Бас прокуратураның, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің бірінші басшыларының баяндамалары тыңдалды.

Заңға сәйкес МЖӘ-нің негізгі міндеттері – мемлекет пен жеке әріптестің тиімді өзара іс-қимылы үшін жағдай жасау, мемлекет экономикасына инвестициялар тарту, халықтың мүдделері мен қажеттіліктерін ескере отырып, тауарлар мен жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасының деңгейін арттыру, елдегі жалпы инновациялық белсенділікті арттыру, оның ішінде жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін өндірістерді дамытуға жәрдемдесу болып саналады.

«Сыбайлас жемқорлық мемлекет дамуына кедергі келтіретін үлкен әлеуметтік кесел. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қоғамдағы бұл проблемамен күрес жүргізудің негізгі бағыттарын белгілеп берді. Біз комиссия мүшелері аталған бағыттарды, Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын орындау бойынша нақты шараларды қабылдауымыз қажет», - деді отырыс барысында Қырымбек Көшербаев.

Ұлттық экономика министрлігінің ақпараты бойынша, 2005 жылдан бастап осы жылдың 1 қарашасына дейін елімізде барлығы 671 МЖӘ келісімшарты жасалған. Қазіргі уақытта 606 нысан пайдалану, 65 МЖӘ іске асыру сатысында тұр.

Бас прокуратура жүргізген талдау МЖӘ институтын қолдану бойынша уәкілетті органдар жұмысының тиімділігінің жеткіліксіз екенін анықтаған. Мемлекеттік органдар МЖӘ нысандарының құнын негізсіз арттыруға, көрсеткіштерді ұлғайту мақсатында, оның ішінде МЖӘ субъектілері болып саналмайтын тұлғалармен немесе біліктілік талаптарына сай келмейтін жеке серіктестермен формалды шарттар жасасуға жол берілген.

Шарттар шеңберінде қабылданған міндеттемелерді жеке, сондай-ақ мемлекеттік әріптестер тарапынан орындамау жағдайлары да болған.

МЖӘ-нің неғұрлым шығындық шарттарының басым бөлігі жеке әріптестермен тікелей келіссөздер жолымен жасалғанын атап өткен жөн. Бұл оларды ірі сатысында нақты бәсекелестік ортаны қамтамасыз етпейді.

Қаржы министрлігінің аудиторлық іс-шараларының нәтижесі бойынша бірқатар бұзушылықтар, оның ішінде рәсімдік және қаржылық сипаттағы бұзушылықтар анықталды. Ал «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы МЖӘ жобалары бойынша толық және қолжетімді ақпараттың болмауын, кәсіпкерлердің қатысуы үшін шектеулер мен МЖӘ-нің құқықтық регламенттеуінде қарама-қайшылықтарды көрсеткен.

Қазіргі уақытта МЖӘ жобаларымен су және энергиямен жабдықтау, көлік, жол құрылысы, байланыс, апаттық-құтқару қызметі мен туризм салалары нақты қамтылмаған. Арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымын салу кезінде МЖӘ жобалары іске асырылмаған, ал заңда бұл үшін құқықтық механизм қарастырылмаған.

Аталған проблемаларды талқылау барысында комиссия мүшелері бұзушылықтардың көпшілігі МЖӘ-ні ілгерілету бойынша жүйеліліктің болмауына, МЖӘ және тағы басқа саладағы уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың жұмыс тиімділігін үйлестіру мен талдау жеткіліксіздігіне байланысты екенін атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мемлекеттік-жеке меншік әріптестік саласында анықталған бұзушылықтарды жою бойынша кешенді шараларды қабылдауды тапсырып, атқарылған шараларға қатаң бақылау орнату мақсатында есеп беру жүйесін бекітті.

Соңғы жаңалықтар