Қырымбек Көшербаев Қазақстан тарихын зерттеудегі өзекті мәселелерді атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев ел тарихын зерттеудегі келелі мәселелерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Маңдайлы тарихшыларымыздың алдында тарихқа қатысты көкейде жүрген бірер мәселені ортаға салғым келеді. Қазақстан тарихының Кеңестік дәуірі саяси әлеуметтік, экономикалық, этникалық қарама-қайшылықтарға, трагедиялы драмаға толы болды. Тарихшылар алдағы уақытта осы тақырыптарды және басқа да зерттелетін мәселелер төңірегінде тарихнамалық талдауларды көбейтуі керек. Кеңестік дәуірдің ащы шындығын ашып, көрсететін түбегейлі зерттеулер тәуелсіз Қазақстанда әлі де жеткіліксіз. XX ғасырдың соңындағы ең үлкен жетістігіміз – Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы. Бұл – бодандықтан құтылудың басы. Осы ұлттық мүдде жолында Алаштың ең ардақты азаматтары құрбан болды. Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл, айтулы дата. Кәсіби тарихшылар ешкімге жалтақтамай, өз халқының тарихы туралы ашық жаза алатын жағдайға жетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, белгілі ғалымдар, зерттеушілер тарих ғылымының өткені мен келешегі туралы пайымды ой-пікірлерін білдірді, тарихқа жаңаша қараудың үлгісін көрсетуде деп айта аламыз», - деді Мемлекеттік хатшы белгілі ғалым, алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың 70 жылдығына арналған «Елдік ұстаным және Тәуелсіздік нысанасы» атты халықаралық конференцияда.

Оның айтуынша, еліміздің тәуелсіздік алуымен қатар отан тарихындағы көптеген өзекті мәселелер жаңаша тұрғыдан қаралып, дербес, азат ой-пікірлер мен тұжырымдар қалыптаса бастады. Тарих ғылымында жаңа парақтар, іргелі ізденістер пайда болды. Қазақстан тарихына қазіргі заман тұрғысынан қарау дегеніміз – оны дүниежүзі тарихымен, Еуразия континенті тарихымен, көшпелілер өркениетімен түркі халықтары және Орталық Азия елдері тарихымен бірлікте кешенді күйде қарастыру деген сөз. Сондықтан да бұл бағытта атқарылар шаралар да ауқымды.

«Тарихи саланың іргетасын тарих ғылымы қалайды. Бұл сала кешеге дейін идеологиялық қасаңдық құрсауында болды. Қазақстан тарихы тек қана ақ пен қара түске бөлініп, шендестіру арқылы, таптық көзқарас тұрғысынан, көбінесе біржақты сыңаржақ ыңғайда жазылды. Ел тарихының көптеген принципті мәселелері түбегейлі дәйектелген жоқ. Қазақ этнонимінің шығуы, қазақ халқының этногенезі, қазақ мемлекеттігінің тууы мен қалыптасуы, көшпелі қоғам эволюциясы секілді кешенді зерттеуді қажет етеді. Қазақстан тарихы мен қазақ этносы тарихының да ара-жігі ажыратылмаған. Қазақ хандығының Ресей империясы құрамына кіруі тарихының жай-жапсары да әлі толық ашылған жоқ. Қазақстанның КСРО құрамындағы дамуына да реалистік тұрғыдан қарау қажет. Сондай-ақ, әртүрлі этностық қауымдардың Қазақстанға көшірілуіне, жер аударылуына, олардың қоныс тебуіне қатысты мәселелер де өз зерттеушілерін күтіп отыр. Осы айтылған дүниелер негізінде Қазақстанның тарих ғылымы алдында келелі міндеттер тұр деп есептеймін. Тарихи ілім-білімнің біржақты көзқарастарынан арыла отырып, өткен тарихымыздың шынайы бейнесін жасау, ежелгі және орта ғасырлар тарихына баса назар аудару, Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихын қайта пайымдау, еліміздің осы заманғы тарихының толғақты мәселелерін зерттеуді күшейту, қазақ диаспораларының тарихын зерделеу керек», - деді Мемлекеттік хатшы.

Сондай-ақ, Қ. Көшербаев қазақ тарихын жазуда татар, башқұрт сияқты ағайындас халықтардың тарихын терең зерделеу, тарихи оқиғалар мен тұлғаларға қатысты деректерді ортақ айналымға айналдыру қажеттігін айтты. Мәселен, Сібір хандығы, Көшім хан тәрізді тарихи тұлғаларға қатысты ортақ деректер базасы жасалуы тиіс.

«Біз өзімізді Алтын орданың ең соңғы сілемі, 19-ғасырдың басына дейін жеткен алтын үзігі ретінде қарауға құқылымыз. Яғни қазақ хандығының құрылымы жаңа мемлекеттің іргетасын қалаушылардың Моғолстандағы Шайбани әулетінен бөлек шығуымен ғана байланыстыру жеткіліксіз болуы мүмкін. Бұл орайда біз тарихшыларымызға тақырып тамыздығын тастап тұрмыз деймін. Қазақ хандарының библиографиялық көрсеткішін жасау да маңызды. Оқулықта әр ханның қай кезеңде өмір сүргені, атқарған қызметі, елдің жағдайы туралы деректер бір ізге түсірілсе дейміз. Мысалы, Кенесары ханның Түркия басшыларына жазған хаттарын табу, Түркия архивтерінен қазақ тарихына қатысты деректерді іздестіру жүйелеу керек. Жаппай ұжымдастыру алдында қазақ елінің діни сауатты адамдарына репрессия жасалғаны баршаға белгілі, осы оқиғаларға да әлі де әділ баға берілген жөн», - деді Қырымбек Көшербаев.


Соңғы жаңалықтар