Көшербаев: Наурызда бастықтарға арнап дастархан жаятын әдеттен арылу керек
2018 жылғы 27 ақпан 11:20

Көшербаев: Наурызда бастықтарға арнап дастархан жаятын әдеттен арылу керек

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Наурызда киіз үйлерде тек бастықтарға арнап дастархан жаю әдетінен арылу керек. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аппарат мәжілісінде осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысы қатысқан жиында Наурыз мерекелерінің мән-маңызы, Сыр елінде қалай тойланатыны туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдын Қайруллаев баяндап берді.

Көктем мерекелері кезінде қайырымдылық шараларын көптеп ұйымдастыру жоспарланып отыр.

«Бастықтарға арнап дастарқан жайып, олар келгенде ғана киіз үйдің есігін ашатын әдеттен арылу керек. Наурыз көжеден кез келген адам дәм тата алатын жағдай жасалуы керек. Ас-ауқат фуршет үлгісінде дайындалып, дастарқан бәріне бірдей жайылуы тиіс», - деді облыс әкімі.

Еске сала кетейік, кеше СҚО әкімі Құмар Ақсақалов Наурызда киіз үйді жауып алып, тамақ ішкенді қою керек деген болатын.

Jańalyqtar

MURAǴAT