Қыркүйек пе, әлде, қыргүйек пе – профессор Құралай Күдеринова «дәстүрлі дауға» нүкте қойды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қыркүйек пе, әлде, қыргүйек пе? Жаңа оқу жылы басталған сайын «к» мен «г» әрпі «тартысып, шарпысып» қалып, ақыры «итжығыс түсіп» жатады. «Дәстүрлі дауға» тіл мамандары нүкте қойғандай болғанымен, келесі жылы бұл сөз тартыстың қайта өршитін әдеті бар. Бұл жолы осы сұраққа А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Құралай Күдеринова жауап берді.


- Әлі есімде, институтқа алғаш жұмысқа тұрған кезім. 1995 жыл еді. Рабиға Сыздық үнемі шәкірті Нұргелді Уәлиге: «Қол қойды, қол қойды (қолғойдұ емес), шекара, шекара (шегара емес), қыркүйек, қыркүйек (қыргүйөк емес), көкөніс, көкөніс (көгөнүс емес) деп қақылдап тұрған журналистерді қалай тоқтатамыз, Нұргелді? Құлағыма түрпідей тиеді, тыңдай алмаймын. Бәлкім, екі дауысты арасындағы қ, к дыбыстарын біріккен сөздерде ұяңдатып берсе қайтеді? Барлық сөздерде емес, осы сияқты күнделікті хабарда жиі айтылатын сөздерді ғана, бірен-саранын фонетикалық принциппен жазсақ. Тілімізде ондай үлгі бар ғой, мысалы, қолғанат, қолғабыс» дейтін.

Тоқсан алты жасқа келіп дүние салған абыз анамыз ғалымдық ғұмырын қазақ жазуының нормалануына арнаған, біртуар тұлға Рабиға Сыздық апамызды осындай келеңсіз әңгімеде еске алғымыз келмесе де, амал жоқ, ауызға алдыртып отыр.

Сөйтіп, Рабиға Сыздық біраз жылдан кейін «Қазақ тілінің негізгі емле ережелеріне» өзі бас болып түзетулер мен толықтырулар енгізді. Ереже 2001 жылы «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде» жарияланды. Онда «Бірге жазылатын сөздер» тарауының §26 «Тұлғасы өзгертіліп барып біріккен сөздер қосылып жазылады. Мысалы: ...қыстыгүні, ашудас, ерғашты, жарғанат, қарағаш, алтатар, көгөніс, қыргүйек, шегара, көгала» (11б) деп көрсетті.

Ал 2005 жылы үкімет үлкен «Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің» 5-басылымына тапсырыс бергенде бас редактор Рабиға Сыздық сөздіктің алғы сөзінде былай деп түсіндірді: «Біріккен сөздердің ішінде фонетикалық тұлғасын өзгертіп, пайда болған топтардың қатарына тағы бірнеше сөзді кірігіп кеткен тұлғалар тізбегі деп, дыбыстық жағынан қиюластырып, үндестік заңына сәйкестеп айтуға және жазуға болады деп есептеп, 2001 жылғы басылымның өзінде шегара, қыргүйек, көкөніс, көгет деп жазу ұсынылған болатын. Бұл қатардағы 5-6 сөздің бұрынғы да, соңғы да жазылу түрін алдағы 4-5 жылдың барысында қолданыла беруін қате деп есептемеу қажеттігін ескертеміз. Әсіресе мектеп оқушыларының жазба жұмыстарын тексергенде бұл ескерту күшінде болады» (Қазақ тілі орфографиялық сөздігі. А, 2005, 9 б.). Яғни ғалым жұртшылық үйреніп кеткенше екі формасы да дұрыс деп табылсын деді.

- Яғни қыркүйек деп жазсақ та, қыргүйек деп жазсақ та қате болмағаны ма?

- Сөзімді жалғастырайын. Сөйтіп, бұл сөздердің жаңа тұрпаттары «Емле және тыныс белгілері», «Қазақ тілі анықтағышының» 1957, 1975, 1996, 2000 жылғы басылымдарының бірегей авторы, «Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің» 1978, 1988, 2001, 2005, 2007 жылғы басылымдарының редакторы, профессор Рабиға Сыздықтың ұсынуымен бұдан 20 жыл бұрын пайда болған еді. Тек 2018 жылы жаңартылған бағдарламамен оқулықтар легі шығарылғанда және латын графикасына негізделген жаңа жазуға көшерде ғана бұл емле білім мекемелерінің өзіне «жаңалық» болып шықты. Оның бірден бір себебі – Қазақстан Республикасында емле нормаларының заңдық күші болмауынан. Емле ережелеріне түзетулер енгізілсе де, Емле сөздіктері жарық көріп жатса да, оны басшылыққа алып, сүйеніп отырған ЕЛ болмауынан, сақтауды талап етіп отырған ҚҰЗЫРЛЫ ОРЫН болмауынан.

- Бұл норма жоқ жерден алынбаған дегіңіз келеді ғой?

- Әрине. Тағы қайталап айтамыз, жазу мен айтудың арасы жақындап кеткен, жазудың ауызша тілден басым болып бара жатқан кезеңінде жиі қайталанатын сөздердің жазылуын орфоэпиясына жақындатып жазып, қазақ тілінің әуенді қалпын, ұяң дыбысталуын сақтап қаламыз ба деген жанашырлық ниет қана болатын. Рабиға Сыздықтың өзі айтқандай, тілде бар жазу үлгісіне қосқан 3 сөз еді. Мысалы, Емле сөздігінің 1963 жылғы басылымында: ада-гүде, айгөлек, айғабақ, алагеуім, алагөбе, алагүлік, алағаншық, алаңғасар, алдыңгүні, алмағайып, арагідік, әнеугүні, бейғам, жедеғабыл, жаздыгүні, жегжат, желғабыз, көгал, көгершін, көгілжім, көгіс, күздігүні, қолғабыс, қолғап сөздері ұяңданып жазылды. Сондай-ақ апыл-ғұпыл, ұлан-ғайыр, кішігірім, байғұс, сайгүлік, саргідір, жарғанат, ерғашты болу, соғұрлым, неғұрлым, байғұтан, қолғанат, алагүшік (жау қолына түскен жесір), алагөбе, анағұрлым, байғазы, байғұтан, байғыз, бозғалдақ сияқты сөздердің сыңар мағынасы көмескіленгені де, көмескіленбегені де айтылуға сәйкес ұяңданып жазылатынына біраз жыл болды. Жоғарыдағы 3 сөз тек осы қатардың жаңа мысалдары-тұғын. Оның үстіне қазақ тілінде қ, к және п дыбыстары айнымалы болып келеді. Қазақ- қазағы, күрек-күрегі, қорап- қорабы дегенде ғ, г, б дыбыстарына айналып, айтылады және жазылады. Бірақ сөз мағынасы өзгермейді. Керісінше, қ, к,п дыбыстары ұяңдамаса, сөз мағынасы өзгереді (қазақ-қазақы, қырық-қырқы, сап-сапы). Сондай-ақ қатар келген екі дауыстының біреуі түсіріліп жазылатын бұрыннан бар алтатар, алаяқ, қарағаш (өсімдік), саратан, сарауру, сарбұға, сарбуын (ауру), саргідір, саржақ, сарсу, сартап, сарбөртпе (бүркіт жемі) деген сияқты сөздер қатарына Рабиға Сыздықтың ұсынуы бойынша, алауыз, жақсат, жақсатты болу, қарандыз, саптаяқ, сабаяқ, ешкемер, өлара, кертартпа, келсап, өлтірі, бақоты, алтаяқ деген сөздер енді. Яғни Рабиға Сыздық сол тоқсаныншы жылдардағы «жазуды ауызша тілден алшақтатпаңдар, айтылуға жақын норма жасаңдар» деген сипаттағы қоғамдық пікірдің, тілшілер қауымының сынынан, қысымынан осындай қадамға барып отырған.

- Бұл орфограммалар яғни дұрыс па еді?

- Жазу – шартты таңба, сөздің жазба формасы. Кез келген зат не құбылыстың ішкі мазмұны мен сыртқы тұрпаты (формасы) болады. Екі ұғым өзара әртүрлі деңгейде қарым-қатынаста болады. Алғашында форма мазмұнның ішкі болмысына сай келеді, екеуі теңбе-тең дәрежеде қатынасады. Уақыт өте келе мазмұн өзгеріске ұшырап, сыртқы тұрпатына сай келмейді. Сөйтіп, форма мен мазмұн қайшылыққа ұшырайды, жаңа мазмұн ескі форманы тастап, жаңа тұрпат іздей бастайды, ол өзінің ішкі болмысын айқындайтын жаңа тұрпат жасайды. Бірақ ол форма да тұрақсыз, өткінші болуы мүмкін. Осы тұрғыдан келсек, жазу ауызша тілдің өзгерістерін сол қалпында таңбалап отыру үшін өзінің тұрпатын үнемі жаңалап, ауыстырып отыруына тура келеді. Өйткені фонемографиялық жазу типінің басқа жазу типтерінен айырмашылығы сол – жазу тілдің лексикасына сәйкес келеді. Яғни тілді білмеген жазуды оқи алмайды. Ауызша тіл – өте белсенді үздіксіз процесс. Ауызша тілдегі барлық өзгерістерді «түртіп» отыру мүмкін емес, яғни тілдің әр дәуір ішіндегі өзгерістерін таңбалап болудың, таңбаланды дегеннің өзінде келесі өзгерістердің шегіне жету мүмкін емес. Мұндай орфографиясы бар жазу өзінің коммуникация құралы болу қызметінен де қалады. Адамдар көз үйренген түбір, қосымшаларды емес, бейтаныс графикалық морфемаларды көріп, оның оқылуына уақытын кетіреді.

Екіншіден, жазу мүмкіндіктерін сарқа пайдаланып, тілді қағазға түсіргеннің кері әсері болады: қолданыстағы тіл «тұсалады», жазуға байлаулы болады. Тіл қағаздағы тұрпатымен ғана «тыныстайды», одан «басқа өмірі жоқ» деген түсінік қалыптастырады. Жазылған сөзді ауызша тілдің тезіне салмай, ауызша тілді жазба тілдің тезіне салмай, қалай жазылса, солай оқу, қалай айтылса, солай жазуға ұшырайды.

Қазақ жазуында фонетикалық принциппен, кірігіп жазылатын сөздер негізінен мағынасы көмескіленген сыңарларды қамтитын (тек қолғап, жарғанат деген сөздер болмаса). Бұл процестің уәжі бар еді, мысалы, алагеуім, алагөбе, жегжат, ежеғабыл, алмағайып деген сөздердің гөбе, геуім, жег, ғабыл, ғайып сыңарлары мағыналары күңгірттенген сөздер.

Ал екі сыңарының да мағынасы айқын көкөніс, көкет, қыркүйек, шекара сөздерін кіріктіріп жазуға болмайтын еді. Фонетикалық принцип жазудың алғашқы кезеңіне тән ұстаным болуы тиіс. Ал емле ережелері қалыптасып, жұртшылық оған дағдыланып қалғанда енді жазуды ауызша тілге икемдеп отырудың шегі болмайды.

Жазу сөз мағынасынан, сөздің құрамынан, тілдің тарихынан хабар беруі керек. Жазудың ақпараттық, дерек болатын қызметі осы.

Сондықтан 2000 жылғы сөздікте өзгеріс енсе де, 2005 жылғы сөздікте қайталап негіздеп, күнделікті жазу тәжірибесінде екі нормасы да қатеге саналмайды делінсе де, қыргүйек, шегара, көгөніс деп жазатындар болмады. Мұғалімдер мен баспа қызметкерлері сөздің этимологиясы жоғалады деді. Сол себепті 2007 жылы 100 мың данамен шығарылып, республика көлемінде тараған «Орфографиялық сөздікте» қыркүйек, шекара, көкөніс сөздері түбір тұлғасы сақталып берілді. Яғни бұл орфограммалар жазу тәжірибесіне ене алмады.

- Латын негізді жаңа жазуда бұл сөздер қалай жазылады?

- Түбірі сақталып жазылады. Бұл сөздер 2019 жылы 18 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емле ережелерінде» түбірі сақталып жазылатын сөздер қатарында тұр: §30. Екі түбірден құралған бір ғана зат пен ұғым атауы бірге жазылады: kókónis, shekara, jertóle, baǵdarsham, beınebaıan, sýsabyn.

Бұл сөздер А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеген «Қазақ тілінің үлкен кирил-латын орфографиялық сөздігінде» қыркүйек, көкөніс, шекара деп берілді.

Бірақ қай әліпбимен жазса, сол әліпбидің емле ережесіне бағыну заңды болғандықтан, әзірше, кирилмен жазып отырған қазіргі кезеңде, сөздердің жазылуын, негізінен 2013 жылғы Орфографиялық сөздіктегі тұрпатымен жазу орынды болмақ. Бірақ Р.Сыздықтың: «Бұл қатардағы 5-6 сөздің бұрынғы да, соңғы да жазылу түрін алдағы 4-5 жылдың барысында қолданыла беруін қате деп есептемеу қажеттігін ескертеміз. Әсіресе мектеп оқушыларының жазба жұмыстарын тексергенде бұл ескерту күшінде болады» дегеніндей, жазарман қыркүйек деп жазса да, қыргүйек деп жазса да қатеге саналмайды.


Соңғы жаңалықтар