Қыркүйек айында ауа райы қандай болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазгидромет» РМК Қазақстан аумағында қыркүйек айында күтілетін ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл қыркүйек айында республиканың басым бөлігінде орташа ауа температурасы нормадан 1°С жоғары болады.Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстарында, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының басым бөлігінде – норма шамасында, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарда – нормадан 1°С-қа төмен болады деп күтіледі.

Көпжылдық деректерге сүйенсек, Қазақстан аумағының көп бөлігінде айдың бірінші жартысында-ақ үсік жүруі мүмкін, оңтүстік облыстарда – айдың соңында болуы ықтимал. Алайда, консультативтік болжамға сәйкес, үсік солтүстік өңірлерде қыркүйек айының екінші онкүндігінде -5 градусқа дейін, ал оңтүстік өңірлерде – үшінші онкүндікте күтіледі.

Қыркүйек айында жауын-шашын мөлшері тамыз айымен салыстырғанда аз болады. Жауын-шашынның жиілігі азаяды, бірақ жауу ұзақтығы артады.

Ел өңірлерінде жауын-шашынның таралуы біркелкі болмайды. Оның мөлшері республиканың басым бөлігінде – норма шамасында. Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Қостанай облысының солтүстігінде, Алматы облысының оңтүстік-шығысында, Жамбыл, Түркістан облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарда – нормадан көп, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында, Қарағанды облысының батысында нормадан аз болады деп күтіледі.

Күздің басында Қазақстан аумағында жазғы ыстық ауа райы сақталады. 3-6 қыркүйекте белсенді циклонның ықпалымен республиканың басым бөлігінде ауа массаларының ығысуы, желдің 15-25 м/с дейін күшеюі және жаңбыр күтіледі. Елдің шығысы мен оңтүстік-шығысында кей жерлерде күшті жаңбыр жаууы мүмкін.

Ауа температурасының төмендеуі бірінші онкүндіктің ортасында күтіледі:

Елдің батысында түнде +15+20°С-тан +7+15°С-қа дейін, күндіз +27+38°С-тан +20+27°С-қа дейін;

еліміздің солтүстік-батысында түнде +12+17°С-тан +2+10°С-қа дейін, күндіз +28+35°С-тан +14+25°С-қа дейін.

республиканың солтүстігі мен орталығында түнде +10+18°С-тан +2+10°С-қа дейін, күндіз +25+30°С-тан +10+20°С-қа дейін.

Онкүндіктің екінші жартысында ауа температурасының төмендеуі ҚР-ның оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында, түнде +13+22°С-тан +7+15°С-қа дейін, күндіз +30+36°С-тан +21+28°С-қа дейін болжанады.

Онкүндіктің соңында ауа температурасы Қазақстанның шығысында төмендейді. Температуралық фонның түнгі уақытта +10+18°С-тан +2+10°С-қа дейін, күндіз +27+32°С-тан +15+25°С-қа дейін біртіндеп төмендеуі күтілуде.

Бірінші онкүндіктің соңында ҚР-дың басым бөлігінде күн қайта жылынады.

Қыркүйектің екінші және үшінші онкүндігінде Қазақстанның солтүстігінде, орталығында және шығысында температуралық режимнің ауытқуы болжанады:

түнде +5+13°С-тан -5+5°С-қа дейін, күндіз +20+28°С-тан +15+20°С-қа дейін;

ҚР оңтүстігі мен батысында түнде +5+15°С-тан 0,+5°С-қа дейін, күндіз +25+35°С-тан +10+20°С-қа дейін.

«Бір айға арналған консультативтік болжам синоптикалық жағдайдың өзгеруіне қарай түзетілуі мүмкін және онкүндік болжамдармен нақтыланатын болады», - делінген синоптиктер хабарламасында
Соңғы жаңалықтар