Қырғызстанның күш құрылымдары елдегі жағдайды тұрақтандыру туралы хаттама қабылдады

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат – Қырғыз Республикасының күштік, әскери және құқық қорғау құрылымдарының басшылары елдегі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған хаттама қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Кабар агенттігіне сілтеме жасап.

8 қазанда Қырғыз Республикасының Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (МҰҚП) коллегиясының залында Қырғызстанның Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы міндетін атқарушы, күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдарының үйлестірушісі О.Суваналиевтың төрағалығымен отырыс болып өтті. Бұл туралы МҰҚП баспасөз қызметі хабарлады.

Отырысқа республикадағы Қауіпсіздік кеңесінің хатшылығы мен күштік, әскери және құқық қорғау құрылымдарының басшылары қатысты.

Отырыста елдегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру мәселелері мен азаматтарды, қоғам мен мемлекетті қорғау үшін арнайы қызмет, құқық қорғау органдары мен Қарулы Күштердің жұмысын жедел түрде үйлестіру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Қырғыз Республикасында болып жатқан сын-қатерлер мен қауіп-қатерлерге уақтылы ден қою және мемлекеттік басқару жүйесін заңды арнаға қайтару мәселесі пысықталды.

О.Суваналиевтің Қырғыз Республикасындағы ахуал туралы ақпаратын тыңдағаннан кейін жиналғандар «2020 жылдың 5 қазанындағы оқиғаларға байланысты Қырғыз Республикасында қауіпсіздік пен заңдылықты қамтамасыз ету шаралары туралы» Хаттаманы қабылдады.

Хаттама 12 тармақтан тұрады. Онда қауіпсіздік пен заңдылықты қамтамасыз етуге бағытталған негізгі басымдықтар бекітілген.

Қырғыз Республикасының барлық күш құрылымдары елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін түсіністік танытып, бірігуі керек.

Сонымен қатар жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайын жақсарту бойынша қажетті шараларды қабылдау, жеке құрамның өмірі мен денсаулығының қорғалуын, сондай-ақ қару-жарақтың, оқ-дәрілердің, әскери, арнайы және өзге де техника мен мүліктің сақталуын қамтамасыз ету мәселелері мақұлданды.

Барлық деңгейде, соның ішінде ерікті халық сақшыларын тарта отырып, нақты және жан-жақты өзара әрекеттесуді қамтамасыз ету міндеті келісілді. Арнайы шараларды жүргізу барысында функциялар, міндеттер, өкілеттіктер мен жауапкершілік салаларын нақты белгілей отырып, тұрақсыздықтың ықтимал ошақтарында арнайы іс-шаралардың бірыңғай бірлескен жоспарын әзірлеу және қабылдау көзделіп отыр.

Сондай-ақ, хаттамаға сәйкес, елдегі қылмыстық ахуалдың нашарлауына жол бермеу, қылмыскерлердің республикадағы түрлі саяси күштерге ықпал ету әрекеттерін, мемлекеттік органдарды тұрақсыздандыруға талпыну ұмтылыстарын қатаң жолмен тыю туралы шешім қабылданды. Қылмыскерлер мен ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекеттерін бейтараптандыру, оның ішінде заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тәркілеу бойынша белсенді шаралар жүргізу жоспарлануда. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі жағдайдың тұрақсыздығына жол бермеу және арнайы контингентке қылмыстық элементтердің сырттан әсерін болдырмау бойынша шаралар қабылдау жөнінде ортақ шешім жасалды.

Стратегиялық және басқа да маңызды нысандардың күзетін күшейтіп, мемлекеттік және жеке меншік нысандардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

Деструктивті сипаттағы күштердің елдегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған барлық әрекетін, соның ішінде аймақаралық және этносаралық негіздегі арандатушылық әрекеттерді, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметіне және жеке меншікке кедергі жасау, әртүрлі нысандарды рұқсатсыз басып алу қимылдарын жедел және қатаң жолмен басу жоспары мақұлданды.

Еске салайық, жексенбі, 4 қазан күні Қырғызстанда Жогорку Кенешке депутаттарды сайлау өтті. Депутаттық мандатқа 16 партия үміткерлік етті. Дауыс берудің алдын ала мәліметі бойыншы, 7% межені 4 партия еңсерді.

Ал, 5 қазан күні сайлау нәтижесіне көңілі толмаған бір топ адам орталық алаңда митинг ұйымдастырып, одан кейін Ақ үйге беттеді. Оларды тарқату үшін милиция көз жасаурататын газ, суатқыш және газ-шуылды құрылғылар қолданған. Бішкек уақытымен сағат 22.00-дегі мәлім бойынша, ауруханаға зардап шеккен 16 адам жеткізілген. Кейінгі мәлімет бойынша, зардап шеккен адамдар саны 911-ге жетті.

Елдің Ішкі істер министрлігі митингті ұйымдастырушылар мен партия басшыларын өз жақтастарын үйлеріне қайтаруға шақырды.

6 қазанда Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков елдегі саяси жағдайға байланысты мәлімдеме жасады.


Соңғы жаңалықтар