Валюта бағамдары:
    usd/kzt 478.01 eur/kzt 488.81

    rub/kzt 7.91 cny/kzt 70.76
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Қырғызстанның денсаулық сақтау министрі ұсталды

2022 жылғы 2 маусым 21:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қырғызстан Республикасының денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев сыбайлыс жемқорлық күдігімен қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Кабар агенттігіне сілтеме жасап.

Қырғызстанның Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлағандай, денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы кейбір лауазымды тұлғалармен бірге Қырғызстан Президентінің «Денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі шұғыл шаралар туралы» Жарлығының талаптарын өрескел бұзып, ақшаны жылыстату схемасын ұйымдастырды.

«Мәселен, 2020 жылғы желтоқсаннан бастап 2021 жылдың қыркүйегіне дейін Қырғызстан халықаралық ұйымдардан, сондай-ақ Ресейден, Қытайдан, Әзербайжаннан және Қазақстаннан COVID-19-бен күрес үшін өтеусіз гуманитарлық көмек түрінде 451 560 вакцина алды. Бұдан басқа, Қырғыз Республикасының Президенті Ресей мен Қытай басшыларымен гуманитарлық көмек түрінде 6 млн вакцина дозасын беру туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Соған қарамастан, денсаулық сақтау министрі А.Бейшеналиевтің тапсырмасы бойынша 2021 жылдың сәуір, маусым, шілде және қыркүйек айларында жеке шетелдік компаниялардан 1 млрд 581 млн 474 мың 315 сомға 2 млн доза вакцина сатып алынады. Аталған қаржы оффшорға аударылды», - делінген хабарламада.

Осылайша, 3 миллион 147 640 доза вакцинаның барына қарамастан, шенеуніктер жеке бас пайдасы үшін тағы 2 миллион 460 мың вакцина дозасын сатып алды. Айта кетерлігі, сатып алынған вакциналардың 243 223 дозасының жарамдылық мерзімі өткен, қалған дозалардың да сақтау мерзімі аяқталуға жақын.

«Нәтижесінде мемлекетке 1 млрд 581 млн 474 мың 315 сом көлемінде залал келтірілді. Аталған факті бойынша Қырғызстан Республикасының Бас прокуратурасы ҚК 336-бабы («сыбайлас жемқорлық») бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдары жүріп жатыр», - дейді ведомстводан.


Автор:

Дәулет Ізтілеу

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар