Қырғызстаннан кіргізілетін көліктер Қазақстанның автоөнеркәсібіне залал келтірмейді - А.Лаврентьев

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстаннан кіргізілетін көліктер Қазақстанның автоөнеркәсібіне залал келтіріп жатқан жоқ. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Қазақстан автобизнес қауымдастығының төрағасы Андрей Лаврентьев мәлім етті.

«Қырғызстан тарапынан еліміздің автокөлік шығарушылары ешқандай шығын көрмейді. Себебі аталған мемлекетпен келіссөздер жүргізу барысында ҚР Үкіметі тиісті талаптарды алға қойды. Атап айтқанда, осыған дейін Қырғызстанның ЕАЭО-қа қосылуы туралы ақпаратты естігеннен кейін қырғызстандық бизнесмендер Қазақстан аумағында қайта саудалау үшін елеулі көлемде көліктерді кіргізгенін хабарладық. 2014 жылдың барысында елімізде сату мақсатында көрші мемлекетке көліктердің үлкен топтамасы әкелінді. Сондықтан да ҚР Үкіметі келіссөздер кезінде 2014 жылдың 1 қаңтарынан кейін кіргізілген автокөліктер КО тауары болып табылмайтындығын талап етті. Яғни, оларға барлық кедендік баж салықтары таралады»,- деді ол. Қауымдастық төрағасының айтуынша, осы орайда Қазақстаннның автоөнеркәсібіне залал тигізетін алыпсатарлыққа жол берілген жоқ. «2014 жылдың қаңтарына дейін Қырғызстанға кіргізілген көліктердің саны көп емес. Негізінен олардың басым бөлігі ескі автомобильдер және бұлар техникалық талаптардан өте алмайды»,- деді ол. Оның пайымынша, көрші мемлекеттен Қазақстанда саудалауға арналған көліктердің ағымы қалың болмайды.

Соңғы жаңалықтар