Қырғызстаннан келген «жеңгетай» ұсталды - Алматы полициясы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «жеңгетайлықты» кәсіп еткен Қырғызстан азаматшасы ұсталды. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының хабарлауынша, 23 жастағы бойжеткен Жансүгіров көшесінің бойындағы қонақ үйлердің бірінде жезөкшелер ордасының жұмысын үйлестіріп келген.

«Қазір азаматшаға қарсы ҚР ҚК 309-бабы бойынша (жезөкшелер ордасын ұйымдастыру, жезөкшелікпен айналысуды ұйымдастыру, жеңгетайлық) тергеу жұмыстары қозғалды», - деді ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының басшысы Таңат Назанов. Оның айтуынша, қоғамдық орындарда жыныстық қатынас қызметін ұсынған бойжеткендерге қарсы қалалық полиция кешенді жоспар құрған. «Өткен жылы 96 қонақ үйде жезөкшелердің қызметі ұсынылатыны анықталды. Олардың иелеріне 26 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Біздің ұсынысымызбен 9 қонақ үйдің жұмысы тоқтатылды», - деп қорытындылады Т.Назанов. 2014 жылы Алматы полициясы жезөкшелікті ұйымдастыру бойынша 100 қылмысты әшкереледі. Оның ішінде 2 жағдайда кәмелеттік жасқа толмаған жас жеткіншектер саудаланған.

Соңғы жаңалықтар