Қырғызстанға импорттық тауар ағынынан ЕАЭО елдері шығынға батып отыр - Сағынтаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы кедендік әкімшілендіру жұмыстарының жеткіліксіз екенін бұған дейін де бірнеше рет көтерген. Бұл туралы бүгін Еревандағы ЕҮАК-нің кезекті отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2016 жылы Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің кедендік қызметтерінің бірлескен алқасында, Еуразия экономикалық комиссиясы кеңесінің отырысында және Еуразия үкіметаралық кеңесі аясында Қазақстан Республикасы нақты кедендік құнды анықтауға қатысты кедендік  әкімшілендірудің жеткіліксіз екенін бірнеше рет көтерді. Нәтижесінде, ЕЭК кеңесінің тапсырмасымен 2017 жылдың 3 наурызында ЕАЭО мүше мемлекеттерге ҚХР-дан жеткізілетін тауарлардың кедендік мағлұмдалуын бақылау бойынша жұмыс тобы құрылды. Сондай-ақ, Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің кедендік қызметтерінің бірлескен алқасының шешімі аясында ЕАЭО кедендік аумағына кіргізілетін тауарлардың кедендік құнын бақылау тәжірибесін біркелкі ету тапсырылды», - деп атап өтті Премьер-Министр.

Одан бөлек, Б. Сағынтаевтың хабарлауынша, Қырғызстанға және Қазақстанға Қытайдың дұрыс декларацияланбаған тауарларын жеткізудің жолын кесу мақсатында 2017 жылдың 5 маусымында ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті мен Қырғыз Республикасы үкіметі жанындағы мемлекеттік кедендік қызмет арасында жедел-алдын алу шараларын жүргізу бойынша бірлескен іс-әрекет жоспарына қол қойылды. Алайда, жүргізілген жұмыстардан тиісті нәтиже шықпаған, оған себеп - қырғыз тарапының жоспарланған шараларды атқармауы.

Салдарынан, Қырғызстанға Қазақстаннан, Ресейден және Беларусьтен тауар импорты көлемі бойынша, кеден салықтары бойынша ЕАЭО 3 жылдағы одақтық бюджетінің шығын сомасы шамамен 828 миллион АҚШ долларын құрады.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, Қырғызстанға импорттық тауар ағынынан ЕАЭО елдері шығынға батып отыр. Атап айтқанда, үш елдің  ҚҚС шығынының жалпы көлемі 1 миллиард 870 миллион АҚШ долларын құраған. Оның ішінде, Қазақстан бойынша - 152 миллион, РФ - 1 632 миллион, Беларусь бойынша - 85 миллион АҚШ доллары.

Қосымша құн салығына кедендік баж бойынша, ЕАЭО елдерінің үш жылдағы шығын көлемі - 2 миллиард 687,7 миллион АҚШ долларын құрады.  Оның ішінде Қазақстан шығыны - 212 миллион, РФ - 2,5 миллиард және Беларусь - 123 миллион АҚШ доллары.

«Биыл 10 қазанда қазыналық әкімшілендіруді күшейту бойынша Қазақстан Республикасы қабылдаған шаралар кедендік-салықтық заңнамалардың бұзылғанын дәлелдеді. Бұл туралы Астанада өткен кездесуде Сапар Жұмақадырұлына (Қырғызстан Премьер-Министрі Исаков - ред.) айтқан болатынбыз. Аталған кездесу нәтижелері бойынша, вице-премьер жетекшілігімен жұмыс тобы құрылды. 19 қазан күні 00:00-де жеке тұлғалардың, көлік құралдарының, тұрақты автобустардың еркін қозғалысына рұқсат берілді. Осылайша, біз шекарада жүріп жатқан жұмыстардың Қырғызстанға арнайы бағытталмағанын айтқымыз келеді. Бұл туралы бұрыннан айтып келеміз және тексеру барысында бұған дейін айтылған заң бұзушылықтарға толық көз жеткіздік», - дейді министр.

Айта кетейік, бүгін Ереванда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Армения, Қырғызстан, Ресей және Беларусь елдерінің үкімет басшыларының қатысуымен өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысты. Онда  ҚР Премьер-Министрі Қырғызстанмен шекарадағы бақылауды күшейту шараларына түсініктеме берді .  

Соңғы жаңалықтар