Қырғызстандағы жағдай: Қоғамдық кеңес мемлекеттік объектілерді рейдерлік басып алуды тоқтату туралы айтты

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат – Қырғыз Республикасының Үкіметі жанындағы Қоғамдық кеңес және мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі қордың ұжымы барлық саяси топтар мен Қырғыз халқына мемлекеттік объектілерді рейдерлік басып алуды тоқтатуды өтінді. Бұл туралы Кабар агенттігіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

«Қазіргі уақытта Қырғызстанда саяси дағдарыс пен елдегі жағдайды тұрақтандыру процесі жүріп жатыр. Алайда, осы қиын-қыстау кезеңде мемлекет меншігіндегі мемлекеттік компанияларды, кәсіпорындарды заңсыз басып алу әрекеттері басталды. Дұрыс бағыттағы саяси күштер мен белсенді азаматтық қоғам елдегі заңдылық пен тәртіпті орнатуға тырысқан кезде, кейбір деструктивті күштер саясаткерлердің, саяси партиялардың және қылмыстық авторитеттердің атын жамылып, мемлекеттік нысандарды басып алуға тырысуда. Көптеген жерлерде тонау, ұрлау және рейдерлік басып алу процесі жүріп жатыр», - деді ведомство.

Осы жағдайға байланысты Қоғамдық кеңес және мемлекеттік мүлікті басқару қоры мынаны хабарлады:

«Қырғыз Республикасының легитимді және заңды үкіметі құрылғанға дейін мемлекеттің қатысу үлесі бар акционерлік қоғам (АҚ) мем мемлекеттік кәсіпорындарың (МК) барлық басшылары міндетін уақытша атқарушы мәртебесінде қалдырылсын. Өзін мемлекеттік объектінің басшысы ретінде тағайындағандар,рейдерлік басып алуды жасағандар, алаяқ деп айыпталып, Қырғызстан заңнамасының нормаларына сәйкес жауапқа тартылады».

Айта кетсек, бұған дейін «Бішкексууканалы» өндірістік-пайдалану басқармасының (ӨПБ) стратегиялық маңызды нысанын рейдерлік жолмен басып алуға дайындық жүруде екенін хабарлады.

Сонымен қатар, 6 қазан күні «Кыргызкөмүр» мемлекеттік кәсіпорнының Кара-Кече филиалын 100-ге жуық белгісіз адам басып алған. Көмір кеніне шабуылды қылмыс әлемінде «Саяқ» лақап аты бар М. Қадырқұлов ұйымдастырған. Олар көмір сатудан түскен 1,5 млн-ға жуық сомды (8,13 млн теңге шамасында) филиалдың касса қызметкерлерінен тартып алған.

Еске салсақ, 4 қазан күні Қырғызстанда Жогорку Кенешке депутаттарды сайлау өтті. Депутаттық мандатқа 16 партия үміткерлік етті. Дауыс берудің алдын ала мәліметі бойыншы, 7% межені 4 партия еңсерді.

5 қазан күні сайлау нәтижесіне көңілі толмаған бір топ адам орталық алаңда митинг ұйымдастырып, одан кейін Ақ үйге беттеді. Оларды тарқату үшін милиция көз жасаурататын газ, суатқыш және газ-шуылды құрылғылар қолданған. Бішкек уақытымен сағат 22.00-дегі мәлім бойынша, ауруханаға зардап шеккен 16 адам жеткізілген. Кейінгі мәлімет бойынша, зардап шеккен адамдар саны 911-ге жетті.


Соңғы жаңалықтар