Қырғызстандағы отандастарымыздың сайлауға қатысуы 39,6 пайызды құрады

None
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Бішкекте Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасына сәйкес Қазақстанның Қырғызстандағы Елшілігінде ұйымдастырылған №264 сайлау учаскесінде жергілікті уақыт бойынша сағат 20.00-де дауыс беру аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дауыс берушілердің қатысуы 39,6 пайызды құрады, деп хабарлады Бішкектегі N264 сайлау учаскесіндегі учаскелік комиссияның төрағасы Нұрлан Ғылманов. ҚР Елшілігіндегі сайлаушылар тізімі бойынша 300 адам тіркелген.

«Бішкектегі №264 сайлау учаскесіне жергілікті уақыт бойынша сағат 20.00-де тіркелген сайлаушылардан 119 қазақстандық дауыс беруге келді, бұл 39,6 пайызды құрады. Дауыстар саналып, бюллетеньдер ресімделіп болғаннан кейін соңғы қорытынды шығарылады», — деді учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы.

Қазақстан Республикасының Бішкек қаласындағы дипломатиялық өкілдігінде учаскелік комиссия мүшелері сайлау процесін Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық сайлау стандарттарының талаптарына сәйкес жоғары деңгейде ұйымдастырғанын және сайлау учаскесінің үздіксіз жұмысы қамтамасыз етілгенін атап өту керек.

Қырғызстандағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарын кезектен тыс сайлауында ТМД Парламентаралық Ассамблеясының халықаралық байқаушылары мен «Бостандық қанаты» қоғамдық қорының тәуелсіз байқаушысы жұмыс істеуде.

Бұған дейін N264 сайлау учаскесі Қырғызстанда тұратын немесе уақытша жүрген қазақстандықтарды күндізгі уақытта қабылдағаны хабарланған болатын. Олардың арасында қазақстандық дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері, халықаралық және жеке компаниялардың өкілдері, сонымен қатар осында білім алып жатқан студенттер бар.


Соңғы жаңалықтар