Қырғызстанда шетел валютасын заңсыз айырбастауға бақылау күшейтілді

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғызстанда қолма-қол шетел валютасының тапшылығына байланысты реттеусіз валюта нарығы пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі Қырғызстан Республикасының Ұлттық банкіне сілтеме жасап.

Ресей мен Қазақстанда капитал экспортына елеулі шектеулер енгізілгеннен кейін елде қолма-қол шетел валютасына сұраныстың артуы реттелмейтін валюта нарықтарының пайда болуына қолайлы жағдай туғызды. Интернетте көптеген Telegram арналары пайда бола бастады, онда мүдделі тұлғаларға шетел валютасының бар-жоғы немесе оны сатып алғысы келетіні туралы хабарланады.

Шетел валютасымен лицензияланбаған қызметтің жолын кесу мақсатында Қырғыз Республикасының Ұлттық банкі ішкі істер органдарымен және салық қызметімен бірлесіп, лицензиясыз қолма-қол шетел валютасын айырбастаумен айналысатын тұлғаларды анықтау мақсатында тұрақты түрде рейд жүргізеді.

2022 жылдың басынан бері 11 рейдтік тексеру жүргізіліп, 10 жеке тұлғаға 175 мың сом (шамамен 2100 АҚШ доллары) көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Айырбастау операцияларын ұсынатын Telegram арналарын зерттеу нәтижелері бойынша құқық қорғау органдары тиісті шараларды қолға алатын болады.

Қырғызстан заңнамасы банк операцияларын, соның ішінде шетел валютасымен айырбастау операцияларын лицензиясыз жүзеге асырғаны үшін жеке тұлғаларға 17 мың 500 сом (шамамен 210 доллар), заңды тұлғаларға 55 мың сом (660 доллардан астам) мөлшерінде айыппұл салуды қарастырады.

ҚР Ұлттық Банкінің мәлімдемесіне сәйкес, қазіргі уақытта валюта нарығындағы жағдай тұрақты, елдің коммерциялық банктері оларды шетелден әкелу арқылы қолма-қол АҚШ долларының қажетті көлемімен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, әлемдік оқиғалар аясында елдің ішкі валюта нарығында қолма-қол АҚШ доллары тапшылығы орын алды. Қырғызстандықтар долларды айырбастау пункттерінде де, коммерциялық банктерде де сатып алу мәселесіне тап болды.



Фото: nbkr.kg






Соңғы жаңалықтар