Қырғызстанда өтетін көшпенділер ойындарында 600 медаль сарапқа салынады

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғызстанда өтетін көшпенділердің III дүниежүзілік ойындарына 200-ге жуық қазақстандық спортшы қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат 24.kz сілтеме жасап. 

Біздің делегация ең ауқымды құрамалардың қатарында. Бүгінде көршілес елде халықаралық жарысқа арналған дайындық жұмыстарының соңғы кезеңі жүргізіліп жатыр. Бішкектен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетін Чолпан Ата қаласына дейін апаратын бір ғана жол бар. Онда қазір құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Енді бұл жол төрт жолақты үлкен автомагистральға айналды.

"Жолдың екінші қабатын төсеп үлгермейміз. Өйткені бұл - үлкен жоба. Жолдың ұзындығы - 104 шақырым",-дейді  автомобиль жолдары департаментінің директоры Шабданбек Иманқұлов.

Көшпенділер ойындары өтетін басты нысан - Чолпан Ата ипподромы. Кешен осыдан екі жыл бұрын қайта жөндеуден өтіп, қырғыз халқының ұлттық нақышына сай жасақталған.

"Кок-Бору алаңындағы құмның бір қабатын алып тастауды жоспарлап отырмыз. Себебі аттар шапқан кезде бірқалыпты мәнерді жоғалтып алады. Сол себепті жарыс басталғанша алаңды дайындап қоймақпыз",-дейді ипподром директоры Эламан Мамытов.

Дүбірлі додаға қатысу үшін 53 елден өтініш келіп түскен. Спортшылардың басым бөлігі Ресей және Қазақстаннан келеді. Жарыста барлығы 600 медаль сарапқа салынады. Жалпы жүлде қоры 260 миллион сомды, яғни 400 мың долларды құрайды. Спорттық шара аясында көшпенді халықтардың тарихы, мәдениеті және салт-дәстүрін көрсету жоспарланып отыр.


Фото: ria.ru

Соңғы жаңалықтар