Қырғызстанда Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері кездесті

None
None
ШОЛПАН-АТА. ҚазАқпарат - 21 шілде күні Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтті. Бұл туралы Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Эрлан Абдылдаев, Тәжікстанның Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин, Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов және Түрікменстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Бердынияз Мятиев Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықтың мәселелерін талқылады.

«Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Астанадағы алғашқы Жұмыс (консультативтік) кездесуінің жемісті өтуі өңірлік қатынастардағы жаңа кезеңнің басталуымен белгілейді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия елдерінің әлеуеттерін біріктіруге, өңірлік ішкі сауданы ұлғайтуға, өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және халықтарымыздың жақындасуына зор маңыз береді», - деді Қ.Әбдірахманов.

Қазақстанның СІМ басшысы атап өткендей, сыртқы істер министрлерінің деңгейіндегі тұрақты отырыстар ортақ проблемаларды талқылауға және оларды шешуге тиімді алаң болып қызмет етуі тиіс. Сондай-ақ Астаналық кездесудің қорытынды Хаттамасын тәжірибелі іске асыруға кірісуді ұсынды.

«Орталық Азия ядролық қарудан азат аймағы болып табылады және өңірімізде осы мәселеде көшбасшылықты өзіне алу мүмкіндігі бар. Әлемнің барлық ядросыз аймақтары арасындағы ынтымақтастықты жандандыруымыз қажет», - деп мәлімдеді Қ.Әбдірахманов.

Министр Ядросыз аймақтар саммитін өткізу туралы Мемлекет басшысының бастамасы Орталық Азияны ядросыз аймақтар арасындағы кооперацияның өзіне тән өзегі ретіндегі рөлін бекітуге бағытталғанын хабарлады. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде осы мәселені БҰҰ алаңында ілгерілетуге күш салуға дайындығын білдірді.



Кездесу барысында Қазақстан тарапы Түрікменстанның мемлекет басшылары деңгейінде Орталық Азия жалғыз институционалдық диалогтық алаң болып табылатын Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы орнында қызметін қолдады. 

Бұдан бөлек, өңірлік қауіпсіздік және трансшекаралық қауіп-қатерлерге қарсы бірлескен күрес мәселелері талқыланды. Қатысушылар өңір елдерінің Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыру бойынша үлесін және Орталық Азия елдерінің АИР-мен ынтымақтастықты құптады. Бұл ретте Қ.Әбдірахманов ағымдағы жылы қыркүйекте Астанада «Ауғанстанда әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» Өңірлік конференциясын өткізу маңыздылығын атап өтті және 2019 жылы ЕҚЫҰ жоғары деңгейде Ауғанстан бойынша кездесуді ұйымдастыруды ұсынды. 

Сыртқы саяси ведомстволарының басшылары жалпыөңірлік мәселелерді шешуде, бесжақты ынтымақтастықты нығайтуда ортақ тәсілдерді әзірлеу үшін осы форматтағы кездесулерді ұйымдастырудың маңыздылығы туралы ортақ пікір білдірді.

Өңірлік ықпалдастықтың көптеген мәселелері бойынша Орталық Азия елдерінің ұстанымдары өте жақын екені және өңір елдері диалогын жандандыру ұсынылғаны атап өтілді. 

Министрлер 2019 жылы Өзбекстанда Наурыздың қарсаңында өтуі жоспарланған Орталық Азия елдерінің жоғарыдағы келесі консультативтік кездесуді дайындау үшін тұрақты бесжақты СІМ-аралық консультацияларды және сарапшылардың кездесуін өткізудің қисындылығын атап өтті.

СІМ басшылары Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Э.Абдылдаевқа және қырғыз тарапына бесжақты кездесуді табысты ұйымдастырғандары үшін алғыс білдірді.

Отырыстың қорытындысы бойынша қатысушылар Бірлескен мәлімдеме қабылдады. 

 

Соңғы жаңалықтар