Қырғызстанда Наурыз мейрамы қалай тойланады

None
БІШКЕК. ҚазАқпарат – Наурыз мейрамы жер бетіндегі ең көне мерекелердің бірі және Қырғызстан халқы үшін маңызды әрі сүйікті мереке. Ол Қырғызстанда ресми түрде 21 наурызда көктемгі күн мен түннің теңелу күнінде, 1991 жылы «Нооруз халық мерекесі күнін белгілеу туралы» ҚР Заңының қабылдануымен тойлана бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көктемнің ұлық мерекесі қарсаңында қарызды өтеу, ағайын-туыс, дос-жаранмен арадағы өкпе-ренішті кешіру, келер жылдың амандықпен, молшылықпен басталуын тілеу әдетке айналған. Бұл күні қырғыз халқы үйлерін ретке келтіріп, арша түтінімен аластап, ұлттық тағамдармен мерекелік дастархан жаяды.


Ежелден Қырғызстанда наурыздың 20-нан 21-не қараған түні өнген бидайдан (арпа, тары) «сүмөлек» деп аталатын мерекелік дастарханның негізгі тағамы дайындалады, оған аздап ұн, өсімдік майы, сондай-ақ хош иіс үшін кептірілген жемістер қосылады. «Сүмөлек» тағамы дәрумендерге, микроэлементтерге және антиоксиданттарға бай.



Тағамның дайындалу процесі де ерекше, оған бірнеше отбасы - туыстар, жақын достар, көршілер қатысады, бұл олардың арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға әсер етеді. Тағам дайындалып жатқанда, аулада түні бойы халық әндері, аңыз әңгімелер, ізгі тілектер де айтылып, би биленеді.


Дәстүр бойынша, мереке күні таңертең ел астанасының орталық Ала-Тоо алаңында және облыс орталықтарында отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен түрлі-түсті театрландырылған қойылымдар мен концерттік бағдарламалар өтеді. Қаланың барлық аудандарында мерекелік дастархандар, жарыстар, ұлттық ойындар, түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылады.


Орталық Азия мен Таяу Шығыстың көптеген халықтары сияқты қырғыздар үшін де Наурыз – ата-бабасының баға жетпес мұрасы, асыл дәстүр мен әдет-ғұрыптың символы. Бұл көктемнің келуін, айналадағы барлық тіршіліктің оянып, жаңа өмір кезеңінің басталуын бейнелейтін бейбітшілік пен келісімнің, достық пен берекенің мерекесі.
















Соңғы жаңалықтар