Қырғызстанда ЕАЭО елдері үкімет басшыларының отырысы өтеді

None
БІШКЕК. ҚазАқпарат – 2022 жылғы 25-26 тамыз аралығында Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (ЕҮАК) кезекті отырысы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі Қырғызстан Министрлер кабинетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қырғыз тарапының төрағалығымен өтетін іс-шараға Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің үкімет басшылары, бақылаушы мәртебесі бар мемлекеттер, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы, сондай-ақ шақырылған мемлекеттердің үкімет басшылары қатысады.

Кездесу барысында қатысушылар интеграциялық бірлестіктің ортақ газ нарығын қалыптастыру, өнеркәсіптік кооперацияны қаржыландыру, алкоголь нарығын реттеу, Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру мәселелерін талқылайды. Сонымен қатар жоғары деңгейдегі бірқатар екіжақты және көпжақты кездесулер күтілуде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 25-26 тамызда Шолпан-Ата қаласының «Рух Ордо» мәдени орталығында алғаш рет ЕҮАК отырысына орайластырылған ТМД және ЕАЭО жастарының форумы өтеді. Оған кездесуге қатысушы елдерден 200-ден астам делегат қатысады.


Соңғы жаңалықтар