Қырғызстанда дизель отынының бағасы 20% өсті

None
БІШКЕК. ҚазАқпарат – Қырғызстанда дизель отынының бағасы күн сайын өсуде. Қырғыз Республикасы Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында дизель отынының бағасы 20% өскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Шілде айында елде дизель отыны 7,5 пайызға өскен, 2021 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 20 пайыздан астам қымбаттаған.

Ұлттық статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, осы жылдың қаңтар, ақпан, наурыз және шілде айларында дизель отынының бағасы өте көп өзгерген. Ең қымбат дизель отыны елдің оңтүстігінде Исфана (литріне 75,59 сом немесе 0,9$), Баткен (74,7 сом немесе 0,89$) және Ош (72,76 сом немесе 0,87$) қалаларында сатылуда.

Қырғыз Республикасының Экономика және коммерция министрі Данияр Амангелдиевтің айтуынша, Қырғыз Республикасында жанар-жағармай бағасының көтерілуі ресей рублінің 38%-ға дейін нығаюымен байланысты.

Қырғызстан мұнай өнімдерінің басым бөлігін Ресей Федерациясынан импорттайды. Шілде айынан бастап Қырғызстан мен Ресей толығымен рубльмен есеп айырысуға көшті. Соның салдарынан отын құнын ұлттық валютаға қайта есептеу бағаның өсуіне себеп болды.


Соңғы жаңалықтар