Қырғызстанда депутаттар Бішкек мэрінің отставкаға кетуін талап етті

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Бүгін Бішкек қалалық кенеш депутаттары қала мэрі Албек Ибраимовке сенімсіздік вотумын білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.

Бүгін Бішкек қалалық кенешінің кезектен тыс отырысында депутаттар қала мэріне сенімсіздік вотумын білдіру туралы шешім шығарды.

Бұған 7 шілде күні вице-мэр Ренат Макеновтің ұсталуы себеп болған. Ол заңсыз жер учаскелерін бөлу дерегіне қатысты қылмыстық істі тергеп-тексеру аясында ұсталды. Ал Бішкек мэрі 10 шілдеден 8 тамызға дейін еңбек демалысына кеткен болатын.

А. Ибраимовтің қала өміріндегі осындай қысылтаяң тұста демалысқа кеткені депутаттардың ызасын келтірген. Осыған байланысты қалалық кенеш кезектен тыс отырыс шақырды.

«Қысқа, мейрамдарға дайындық жүргізу керек, қаншама жолдар салынуы тиіс. Осының бәрі жазда істеледі. Бүкіл жұмыс бір орнында тұр, ал бірінші вице-мэр қамауда жатқан кезде оның демалысқа кеткенін қалай түсінуге болады? Қала басшысы жауапты тұлға болуы тиіс!», - дейді қалалық кенеш төрағасы Алмаз Кененбаев.

Осыдан кейін депутаттар өз каникулдарынан бас тартты.

Бішкек мэрі бұл отырысқа қатысқан жоқ. Бірақ артынша БАҚ-та видеоролик жарияланды.

«Өкінішке қарай, мен Бішкек кенешінде болып жатқан оқиғалар туралы кейін білдім. Мен үш күн тауда болдым. Жуық арада нақты мәлімдеме жасаймын. Бүгінгі шешім саяси тапсырыс деп ойлаймын. Сондықтан алдағы уақытта тікелей эфирде сұхбат беруге дайынмын», - дейді мэр.

Албек Ибраимов 2016 жылдың ақпанында Бішкек мэрі болып сайланған. Оның отставкаға кету-кетпеуі туралы қорытынды шешімді елдің премьер-министрі қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар