Қырғызстан үкіметінің ресми делегациясымен келіссөздер аяқталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыған дейін хабарланғандай, бүгін Астанаға Премьер-Министр Сапар Исаков бастаған Қырғыз Республикасының делегациясы келді. Аталмыш кездесу жуырда ғана телефонмен болған әңгімеден соң қырғызстандықтардың бастамасымен ұйымдастырылған еді, деп хабарлады primeminister.kz.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Сапар Исаковтың кеңейтілген және шағын форматтағы кездесуі өтті. Кездесулер барысында ЕАЭО пен ДСҰ нормалары мен тәртіптеріне сәйкес, шекара, көлік, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау, кедендік және салықтық әкімшілендіру мәселелері қаралды.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев екі бауырлас мемлекеттердің қарым-қатынастары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқанындай, барлық бағыттар бойынша оңтайлы және өңірдегі өзара тиімді ынтымақтастықтың үлгісі болуы керектігін жеткізді.

Өз кезегінде Қырғызстанның Премьер-Министрі Сапар Исаков Қырғызстан тарапынан үлкен делегация келгендігін атап өтті.

«Мен Қырғызстанның Премьер-Министрі ретінде біздің ортақ жұмысымыздың нәтижелі болғанын қалаймын»,-деді С.Исаков.

Келіссөздер қорытындысы бойынша, тараптар 19 қазан күні сағат 00-00-де қазақ-қырғыз шекарасынан жүктері бар жеке тұлғалар мен тұрақты жүретін рейстік автобустардың, жеңіл көліктердің, жүк көліктерінің өтуінің басым бағыттарының тәртібін қамтамасыз ету жөнінде келісімге келді.

Бұған қоса, Қазақстан мен Қырғызстанның Премьер-Министрлерінің бірінші орынбасарларының төрағалығымен екіжақты экономикалық қарым-қатынастардың өзекті мәселелері бойынша бірлескен «Жол картасын» жасау мақсатында жұмыс тобын құру жөнінде шешім қабылданды.

Соңғы жаңалықтар