Қырғызстан Үкіметінің басшысы Алиса мен Siri қазақ тілінде сөйлемейтініне алаңдаулы

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров Digital Almaty форумының пленарлық сессиясында гаджеттердегі дауыстық көмекшілер қазақ және қырғыз тілдерінде сөйлемейтініне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда өтіп жатқан форумда Ақылбек Жапаров атап өткендей, жасанды интеллект жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар ашады. Сонымен қатар технологияның даму қарқыны өзгерістерге жол бастайды.

«Мені сол Алиса мен Siri-дің қырғыз немесе қазақ тілдерінде сөйлемейтіні толғандырады. Цифрлық әлемге енбеген тілдер жазу тіліне енбей қалған тілдің тағдырын кешетінін барлығымыз түсініп отырмыз. Жасанды интеллект мүмкіндіктермен қоса, мәселелер әкелетінін ескеру маңызды. Сондықтан оның қоғамға әсерін белсенді басқару қажет», – деді ол.

Айта кетейік, бүгін түске дейін Еуразия экономикалық одағына мүше елдердің үкімет басшылары Digital Almaty форумының пленарлық отырысына қатысқан еді.

Олар Говтех шексіз мемлекеттік қызметтер, Финтех яғни транзакцияларды оңтайландыру, жаңа технологиялар мен ІТ-бизнес жайында пікір алмасып, технопарктердің дамуын, корпоративтік инновациялардың трендтерін, цифрлық нарықтағы деректерді реттеу мәселелерін, креативті индустрия мәселесін талқылады.


Соңғы жаңалықтар