Қырғызстан сарапшылары Қазақстандағы сайлауға қатысты пікір білдірді

None
БІШКЕК. ҚазАқпарат - 19 наурызда Қазақстанда Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын сайлау демократия қағидасына сай өтті. Бұл пікірді қырғыз сарапшылары білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қырғызстан сарапшысы Шерадил Бактыгулов Қазақстандағы сайлауда демократия қағидасы сақталғанын алға тартып отыр.

«Қазақстанда былтыр маусым айында Конституцияға қатысты референдум ұйымдастырылды, ал күзде Қазақстан Республикасы Президентін кезектен тыс сайлау өтті. Сонымен қатар, 2023 жылдың қаңтарында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының құрамы жаңарды. Жаңа пропорционалды-мажоритарлық жүйе бойынша Мәжілістің және мәслихаттар депутаттарын сайлау саяси әрі экономикалық реформалардың жалғасы болды. Бұл тұрғыда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан» деп жарияланған идеясы аясында айтқан еді. Бұл шын мәнінде «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты бағытында маңызды қадам болып отыр. Жалпы, Қазақстандағы сайлау процесі демократия қағидасына сай өтті. Сайлаушылардың қатысу деңгейі елде болып жатқан оқиғалардың шынайы бейнесін көрсетті. Халықтың сайлауға қатысу көрсеткішінің айтарлықтай жоғары болмауы мәселесіне тоқталсақ, елдегі кейінгі екі-үш ай сайын өткен сайлау, күрделі саяси оқиғалар сайлаушыларды біршама жалықтыруп жіберуі мүмкін деген ойдамын. Яғни бұл жағдай халықтың саясаттан тыс екенін білдірмейді. Осыны қалыпты процесс деп қарау керек. Сайлау сәтті өтті деп айта аламыз», - деді Ш.Бактыгулов.

Саясаттанушының пікірінше, 2023 жылы Қазақстандағы билікте іргелі өзгерістер болады. Осы орайда онда тепе-теңдік жүйесін құру, биліктің барлық тармағының арасындағы өзара іс-қимыл маңызды болады.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың көктемінде жариялаған бастамалары маңызды әрі ауқымды сипатта екенін байқауға болады. Бұл басталамалар ауқымы мен ықпалы жағынан билік жүйесін шынымен өзгертеді. Содан бері Қазақстанда ілгерілеу бар. Бұл тұрғыда суперпрезиденттік басқару формасынан күшті Парламенті бар президенттік республикаға көшу ескерілген. Енді негізгі жағдай қоғамның да, мемлекеттің де өзара іс-қимылының жаңа тәртібіне байланысты болмақ. Осы орайда әр депутаттың әрекеті, сауатты болуы, құзыреті, шыдамдылығы маңызды рөл атқарады. Қазақстан Республикасының жаңа Парламентінің жұмысы қыза түседі. Яғни ел халқының талабын орындау мақсатында Парламенттегі талқылаулар жан-жақты қамтылып, елдегі саяси өмір жандана түседі деген ойдамын», - деді сарапшы.

Бұдан бөлек, «Ой Ордо» сарапшылық бастамалар орталығының директоры, қырғыз саясаттанушы Игорь Шестаков Қазақстандағы Мәжіліс депутаттарын сайлау науқанына қатысты пікір білдірді.

«Сайлау алдындағы процеске азаматтар кеңінен тартылды. Бұл ретте әлеуметтік желілерде де қарқынды талқылау болды. Ұсынылған модель бүгінде Қазақстанда болып жатқан саяси өзгерістерге оңтайлы ықпал етті. Бір мандатты сайлау округтерінің пайда болуы өзара бәсекеге алып келді. Осы орайда үміткерлер арасында бәсеке жанданып, бұрын болған саяси бағыттағы жүйе қайта құрылымдаудан өтті», - деді саясаттанушы.

И.Шестаковтың пайымынша, 19 наурызда өткен сайлау Қазақстанның саяси тарихында тың өзгерістермен ерекшеленетін болады.

«Сайлаушылардың дауыс беруге қатысуы деңгейінің айтарлықтай жоғары болмауы биліктің сайлау алдындағы үдеріске араласпағанын көрсетіп отыр. Сайлау процесінің өзі Қазақстанның жаңа саяси күн тәртібіндегі тұжырымдамалық идеяларына сәйкес келеді. Бұл бағыттағы бастаманы былтыр күзде өткен сайлаудан кейін жеңіске жеткен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған еді», - деді И.Шестаков.

Еске салсақ, 19 наурызда Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау өтті.

Енді елімізде Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы – бірмандатты округтерден сайланады. Үміткерлер сайлауға партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар атынан қатыса алады және өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік алады.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарына депутаттардың 50 пайызы мажоритарлы жүйе бойынша, ал қалған 50 пайызы – партиялық тізімдер бойынша сайланбақ. Аудандар мен қалалардың мәслихаттарына сайлау толық мажоритарлық жүйе бойынша өтеді. Мажоритарлық жүйе – саяси партиялар емес, нақты жеке тұлғалар дауысқа түсетін әдіс.

Партиялардың Парламентке өтуі үшін ең төменгі шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілді. Әйелдер, жастар және ерекше мұқтаждығы бар адамдарға 30% квота сақталады.

27 наурыз күні Орталық сайлау комиссиясы ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарын кезектен тыс сайлауының түпкілікті қорытындысын шығарды.

Сайлау күні 6 366 441 адам дуыс берді.

Комиссия мәліметінше, Мәжіліс сайлауына қатысқан партиялар сайлаушылар даусын былай бөліскен:

1. Amanat партиясы – 53,90% немесе 3 431 510 адам дауыс берді;

2. «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы – 10,90% немесе 693 938 адам дауыс берді;

3. Respublica партиясы – 8,59% немесе 547 154 адам дауыс берді;

4. Қазақстан халық партиясы – 6,8% немесе 432 920 адам дауыс берді;

5. «Байтақ» жасылдар партиясы – 2,30% немесе 146 431адам дауыс берді;

6. «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 8,41% немесе 535 139 адам дауыс берді;

7. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 5,20% немесе 331 058 адам дауыс берді;

«Бәріне қарсымын» бағаны – 3,90% немесе 248 291 адам дауыс берді.

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтың дерегінше, 5 және одан да көп пайыз дауыс жинаған саяси партиялардың арасында Мәжіліс депутатының мандаттары былай бөлінді:

1. Amanat партиясы – 40 мандат;

2. «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы – 8 мандат;

3. Respublica партиясы – 6 мандат;

4. Қазақстан халық партиясы – 5 мандат;

5. «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 6 мандат;

6. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 4 мандат.

Сонымен қатар, бір мандатты округтер бойынша кімдер Мәжіліс депутаты болып сайланғаны анықталды.

Автор: Гульмира Абдрахманова


Соңғы жаңалықтар