Қырғызстан министрі павлодарлық полицейлерге алғыс жолдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қырғыз Республикасының Экономика министрі Павлодар облысы Полиция департаментінің жеке құрамына алғыс жолдады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Хатта жүк көлігін тізгіндеген Қырғыз Республикасы азаматының қатты аязда Шідерті кентінің маңындағы тас жолда тұрып қалғаны, оған полицейлердің көмекке келгені айтылған. «Полиция подполковнигі Жақсылық Байысбеков, аға лейтенанттар Азамат Шақшабаев пен Руслан Верещактың адамгершілігі мен қызметініне деген адалдығы адам өмірін құтқаруға себеп болды. Олар өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарды» деп атап өткен», - дейді Нұрділдә Ораз министрлікте өткен онлайн брифингіде.

Оқиғаны қысқаша баяндап өтсек, Қазгидромет орталығының - 43 градусқа дейінгі қатты аяз болатыны туралы ескертуге қарамастан, жүргізуші Ресей Федерациясынан Қырғызстан Республикасына жүк автомобилімен жолға шыққан. Бірақ ауа райының қолайсыздығынан машинадағы жанармай қатып қалған.

«Осындай қиын жағдайда жүргізушіні қатты үсік шалуы мүмкін еді. Алайда, жол бойында тұрған жүк көлігін сол жерде қызмет атқарып жүрген полицейлер байқап, бірден көмекке келген. Олар үлкен жүкті жылы боксқа апарып, жүргізушіге жылынуға көмектескен. Көлік ақауы жөнделген соң жүргізуші қайта жолға аттанған», - дейді ресми өкіл.

Жыл басынан бері ауа райының қолайсыздығынан автомобиль жолдарындағы көлік құралдары қозғалысынына 100-ден астам шектеу қойылды. Атап айтқанда, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Алматы облыстарында көлік қозғалысына шектеу енгізілді.

Шектеу кезінде жол белгілері мен қоршаулар қойылды. Қолайсыз ауа райы жағдайларында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсету үшін патрульдік полиция жасақтары кезекшілік етті. Осы кезеңде қар құрсауынан 50-ге жуық автокөлік шығарылған.

«ІІМ қыс мезгілінде ауа-райының қозғалыс режимдеріне әсер ететінін, жауын-шашын кезінде заттардың көрінуі нашарлайтынын ескеру керектігін еске салады. Жүргізушілер ауа-райы жағдайларын ескеріп, қауіпсіз жылдамдықты және автомобильдер арасындағы қашықтықты сақтау қажет», - дейді Н. Ораз.


Соңғы жаңалықтар