Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында кешеден бері шиеленіс жүруде

None
None
БІШКЕК-ДУШАНБЕ. Кабар – Ховар - ҚазАқпарат – 28 сәуір күні Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында екі ел тұрғындары өзара келіспей, қақтығыс басталды. Қырғызстанның 3 ауылында төтенше жағдай режимі енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қырғызстанның «Кабар» ақпарат агенттігінің жазуынша, шекарадағы келіспеушілік әлі жалғасуда.

Бүгін таңғы сағат 05:45-те әскери бөлімге қарай оқ атылған. Ал Ош-Исфана күре жолындағы көліктерге ауыл тұрғындары тас лақтырған. Аталған факті Қырғызстан Қылмыстық кодексінің 266-бабы (бұзақылық) бойынша тіркелді.

Бұдан бөлек, Қырғызстанның Көк-Таш ауылының 30 жастағы тұрғыны көзіне оқ жарақатын алған. Ол ауруханаға жеткізілді. Бұл оқиға «Адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша тіркелді.

Құқық қорғаушылар жанжал орнында күшейтілген қызмет атқаруда.

Қырғызстан Баткен ауданының үш ауылында төтенше жағдай режимін енгізді.

«Кабар» ақпаратына сүйенсек, бүгін Қырғызстанның Баткен облысының басшысы Өмірбек Суваналиев пен Тәжікстанның Согдийская облысының басшысы Раджабб Ахмадзода шекарадағы жағдай бойынша келіссөзді бастады.

Ал Тәжікстанның «Ховар» агенттігінің хабарлауынша, 28 сәуір күні сағат 16:00-де Исфара қаласы маңындағы Ходжаи Аъло ауылы қасында орналасқан «Головной» су таратушы пункте Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасындағы ауыл тұрғындары келіспей қалған.

Екі жақ бір-біріне тас лақтырған. Салдарынан Тәжікстанның 7 азаматы түрлі дәрежедегі дене жарақатын алды.


Соңғы жаңалықтар