Қырғызстан мен Тәжікстан сағат 20:00-ден бастап атысты тоқтату туралы келісімге келді

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат – 2021 жылдың 28-29 сәуірі аралығында қырғыз-тәжік шекарасында болған жағдайға байланысты Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев Тәжікстан Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддимен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қырғызстанның Кабар агентттігіне сілтеме жасап.

Келіссөз барысында тараптар екі елдің шекарасында болған жағдайды реттеуге қатысты бірлескен қимылдарды талқылады.

Қырғызстан Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, екі елдің сыртқы істер ведомстволарының өкілдері екі тараптан да кісі өліп, адамдардың жарақаттануына алып келген шиеленісті жағдайды саяси дипломатиялық құралдарды қолдана отырып, бейбіт түрде реттеу керектігін атап өтті.

Министр Р.Қазақбаев қырғыз тарапының өзге елдің жеріне көз тігіп отырмағанын және өз елінің жерін де ешкіммен бөліспейтінін атап өтті. Осы ретте ол шекарадағы барлық шаруашылық мәселелер қырғыз-тәжік шекарасын делимитациялау мен демаркациялау жөніндегі үкімет делегациялары аясындағы жоғары өкілдердің қатысуымен келіссөздер барысында шешілуі қажеттігіне назар аударды.

Сондай-ақ ол екі ел арасындағы сенімді әсіресе шекараға жақын жерде нығайтып, шекаралас аудандарда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етумен байланысты шараларды қолға алу керектігіне назар аударып, жергілікті халықтардың арасындағы шиеленісті қоздыруға деген кез келген ұмтылыстың жолын кесу керектігін айтты.

Бірнеше көліссөздердің барысында ҚР мен ТР арасында сағат 20:00-ден бастап, атысты толық тоқтату және әскерді аймақтан алып кету туралы келісім жасалды.

Сонымен қатар тараптар жақын арада екі тараптың жергілікті атқарушы органдары өкілдерінің қатысуымен құқық қорғау және күш-қуат құрылымдары басшыларының бөлек кездесуін ұйымдастыру жөнінде келісті. Басқосуда шекарада қалыптасқан жағдайды реттеудің өзге де жәйттары сөз болады.

Жағдайды реттеудің одан әрі шарлары ретінде тараптар өзара ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуге келісті.

Р.Қазақбаев пен С.Мухриддин екі тарапты да араздастырушы күштердің қитұрқы әрекеттеріне берілмеуге шақырды.


Соңғы жаңалықтар