Қырғызстан мен Қазақстанның ынтымағына 30 жыл: Ғасырлар бойғы келешегі кемел байланыс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 1991 жылы өзімен бірге тәуелсіздік алған елдердің ақпарат агенттіктерімен бірлесіп дайындаған материалдар жариялайды. Бүгін, 31 тамыз – Қырғыз Республикасының тәуелсіздік күніне орай, бауырлас екі елдің 30 жылдағы ынтымақты қарым-қатынасы туралы материалды ұсынып отырмыз. Мақаланы Қырғыз Республикасының «Кабар» агенттігі «Қазақпарат» ХАА үшін арнайы әзірледі.

Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасының дипломатиялық қарым-қатынасы 1992 жылдың 15 қазанынан бастау алады. Тәуелсіздіктің 30 жылында екі елдің арасында 160-тан астам мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық келісімге қол қойылды. Оның ішінде 1997 жылдың 8 сәуірінде қол қойылған Мәңгілік достық туралы келісім мен 2003 жылдың 25 желтоқсанында бекітілген Одақтастқық қарым-қатынас туралы келісімнің шоқтығы биік.

Бауырлас елдердің екіжақты өзара әрекеті мынадай институционалдық базистер аясында іске асып отыр:

- Екі елдің мемлекет басшылары басқаратын Жоғары Мемлекетаралық Кеңес;

- Үкімет басшылары басқаратын Қырғыз-Қазақстан Үкіметаралық кеңесі;

- Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлерінің кеңесі.

Екі елдің халықаралық саясаттағы біршама мәселелер бойынша ұстанымдары ұқсас және сәйкес келіп жатады. Қырғызстан мен Қазақстан БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД, ҰҚКҰ, ЕАЭО және ШЫҰ аясында тығыз байланыс орнатқан.

Қырғызстан экономикасында Қазақстан осы күнге дейін негізгі сауда серіктестерінің бірі болып келді. Кейінгі жылдары сауда-экономикалық әріптестік жағымды үрдіс алып, Еуразиялық экономикалық одаққа 2015 жылы Қырғызстан да енгеннен кейін өзара сауда айтарлықтай өсті. Мысалы, 2020 жылы Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Респбуликасының екіжақты сауда айналымы 796,2 млн долларға жетті. Тараптар бұл көрсеткішті 1 млрд долларға дейін жеткізіп, сатылатын тауарлар мен қызметтердің көкжиегін кеңейтуге ниетті.

Екіжақты қарым-қатынас жанданған тұстан бастап Қырғызстанға Қазақстаннан біршама инвестиция салынды. Оның үлесі – 7,7%. Коронавирус пандемиясы туындатқан дағдарысқа қарамастан, 2020 жылдың қаңтар-қыркүйегінде Қазақстаннан салынған инвестиция көлемі 27 млн 525,6 мың доллар болған. Бұл 2019 жылдың салыстырмалы кезеңіне қарағанда 9% артық.

Қырғызстанда қазақстандық капиталдың қатысы бар 334 бірлескен кәсіпорын тіркелген. Ал Қазақстанда қырғызстандық капиталдың қатысы бар 247 компания жұмыс істейді. Қырғызстандағы бірлескен кәсіпорындар негізінен қаржы, пайдалы қазба өндіру, тамақ өндірісі, сауда, транспорт және байланыс, құрылыс және жөндеу саласында шоғырланған. Ал Қазақстандағы бірлескен кәсіпорындар бөлшек және толайым сауда, құрылыс, автомобиль саудасы, ірі қара өсіру, дәнді және бұршақты дақыл өсіру, тұқым шаруашылығы салаларына, мақта талшықтарының өндірісі мен басқа да баспа қызметтеріне маманданған.

Екі елдің сауда-экономикалық байланысы мен оның келешегі мемлекет басшылары, үкіметтер, сыртқы саясат ведомстволары деңгейінде, салалық министрліктер мен ведомстволар арасында жиі талқыланады.

Мысалы, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың наурыздағы Нұр-Сұлтанға сапарының аясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен, Премьер-Министр Асқар Маминмен, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулинмен екіжақты келіссөздер жүргізілді. Екі елдің басшылары кездесу кезінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, жол-көлік инфрақұрылымы, жер қойнауын игеру, гидроэнергетика, жанармай-энергетика кешені, қайта өңдеу, логистика, банк саласында іскерлік байланыстарды жан-жақты кеңейту керектігін атап өтті. Сондай-ақ, инвестициялық өзара әрекетті дамытудың, инвестиция тартуға мемлекеттік деңгейде қолайлы жағдай жасаудың және қорғаудың маңызды екені айтылды.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақ екіжақты қарым-қатынастың маңызды саласы болып отыр. Қырғызстан мен Қазақстанда екі елдің зиялы қауымының, жұртшылық өкілдерінің қатысуымен көрмелер, өнер майталмандарының концерттері, халықаралық ғылыми конференциялар мен симпозиумдар алмакезек өткізіліп тұрады.

Білім беру саласындағы ынтымақтастық 2006 жылғы 4 шілдедегі Қырғыз Республикасы Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім негізінде дамуда. Келісім бойынша тараптар жыл сайын өзара негізде Қырғызстан мен Қазақстан азаматтарының екі елдегі жоғары оқу орындарында оқуы үшін білім гранттарын бөліп келеді.

Бұл бағттағы өзара іс-қимылды жандандыру үшін тараптар екі елдің Үкіметтері арасында 2006 жылдың 4 шілдесінде қол қойылған Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде Қырғызстан мен Қазақстандағы жоғары оқу орындарында бюджеттік оқытуға жыл сайын бөлінетін квоталардың санын 5-тен 50 орынға дейін ұлғайту туралы уағдаласты. Қазір қолданыстағы келісімге тиісті өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасы Қазақстан тарапының қарауында жатыр.

Сонымен қатар, 2019 жылы Қазақстанның жоғары оқу орындарында Қырғызстаннан шамамен 1000 студент, ал Қырғызстан Жоғары оқу орындарында шамамен 2 мың қазақстандық студент оқыды. Алайда, пандемия мен енгізілген шектеулерге байланысты студенттер саны сәл азайды.

Қазақстан мен Қырғызстан М.Әуезовтің 100 жылдығын, Құрманғазының 175 жылдығын, Абайдың 150 жылдығын, Жамбылдың 150 жылдығын, «Манас» эпосының 1000 жылдығын, Т.Сатылғановтың 150 жылдығын, Ә.Тоқомбаев пен Ш.Айтматовтың мерейтойларын бірлесіп тойлады.

Қоғамдық, гуманитарлық байланыстарды дамытуда Қазақстандағы қырғыз диаспорасы да өз рөлін атқарып отыр. 2004 жылы Қазақстанда Қырғыз ұлттық мәдени орталығы (ҚҚҰО) тіркелді. Қазір ол Нұр-Сұлтан қаласындағы қырғыз этномәдени бірлестігі ретінде жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, Тараз қаласындағы «Манас-Ата» қырғыз ұлттық-мәдени орталығы және Ақтау қаласындағы «Ала-ЖШС» ҚҰО, Алматы қаласындағы «Мекен», «Қырғыз–Ата» және «Манас-Ата» қырғыз ұлттық этномәдени орталықтары өз қызметтерін жүзеге асырады.

Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы ынтымақты ақпараттық саладағы бірлескен жұмыстар нығайтып тұр. Бұл істе екі мемлекеттің бір-бірін қалтқысыз қолдайтыны қуантады.

Қазақстан мен Қырғызстанның бұқаралық ақпарат құралдары өздері ұйымдастыратын және ТМЫК, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ЕАЭО, Азия-Тынық мұхиты өңірінің жаңалықтар агенттіктерінің ұйымы (ОАНА), ТМД-ға мүше мемлекеттердің ақпарат агенттіктері және тағы сол сияқты өңірлік бірлестіктер ұйымдастырған түрлі өңірлік медиа форумдарға және өзге де іс-шараларға тұрақты қатысады. 2019 жылдың сәуір айында Түркістанда өткен түркі университеттері одағының IV Бас Ассамблеясының «Түркістан – Түркі әлемінің бесігі» атты Түркі кеңесінің отырысы соның жарқын мысалы бола алады. Форумды Түркістан облысының әкімдігі мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ұйымдастырды. Сол жылы Бішкекте өткен ШЫҰ медиафорумында оған қатысушы мемлекеттердің бейінді ведомстволарының ақпараттық саласына жетекшілік ететін БАҚ өкілдері жиналды.

Екі елдің бұқаралық ақпарат құралдарының арасындағы тығыз ынтымақтың мысалы ретінде Қырғызстанның «Кабар» және Қазақстанның «ҚазАқпарат» мемлекеттік ақпарат агенттіктерінің өзара іс-қимылын келтіруге болады.

Қырғызстан мен Қазақстанның ортақ тарихы екі елдің тек стратегиялық серіктес қана емес, қиын шақта бір-біріне көмекке ұмтылуға дайын бауырлас халықтар екенін көрсетеді.



Соңғы жаңалықтар