Қырғызстан көліктері Қазақстанның нарығына еркін енетін болады - ҰЭМ

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстаннан сол елге 2014 жылдың 1 қаңтарынан кейін әкелінген автокөліктер Қазақстанның нарығына еркін ене алады. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев осылай мәлім етті. Жалпы отырыста Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы құжат мақұлданған болатын.

«Отандық көлік өнеркәсібін Қырғызстанның арзан автоөнеркәсібінің импортынан қорғау мақсатында, Қазақстанның нарығына еркін қолжетімділікті Қырғыз Республикасының аумағына 2014 жылдың 1 қаңтарынан кейін кіргізілген автокөліктерге рұқсат беріледі. Бұл ретте автокөліктер «Доңғалақты көлік құралдары туралы» техрегламентке сай болуы керек», - деді Ерболат Досаев.

Сонымен қатар министрдің айтуынша, Қырғыз Республикасының ЕАЭО-қа қосылуы еуразиялық интеграция жолындағы маңызды қадам болып табылады. «Бұл өз кезегінде Кедендік одаққа мүше мемлекеттер үшін де, Бірыңғай экономикалық кеңістік үшін де тиімді болмақ. Сонымен қатар ЕАЭО-қа Қырғызстанның қосылуы Орталық Азия өңірінде сауда-экономикалық ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейте түсудегі маңызды фактор болып табылады», - деді Е.Досаев.

Еске салайық, Қырғыз Республикасының ЕАЭО-қа қосылу туралы шартқа Қазақстан, Қырғыз, Беларусь, Ресей Президенттері 2014 жылдың 23 желтоқсанында қол қойылған. Ал Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Сенатқа жолданады.

Соңғы жаңалықтар