Қырғызстан астанасында ауа неліктен ластанғаны белгілі болды

None
БІШКЕК. ҚазАқпарат – Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰ ДБ) және БҰҰ қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Финляндия метеорология институтының мәліметінше, Қырғызстан астанасындағы ауа ластануының негізгі көзі - қырғызстандықтардың үй жылыту үшін пайдаланған көмір құрамында күкірттің жоғары болуы, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Есепке сәйкес, Қырғызстанда үй шаруашылықтарының 70% көмірмен жылытылады, сондықтан ең қауіпті ұсақ бөлшектердің – PM2.5 көп шығарындысын шығарады.

Бұл ретте ел астанасындағы ЖЭО-ның түтінге қосқан үлесі ішінара 1% - дан азды құрайды, өйткені түтін құбырларының биіктігіне байланысты ластаушы заттар қаладан тыс жерлерге таралады.

Қауіпті микроскопиялық бөлшектер өкпедегі кедергілерден өтіп, қан айналымы жүйесіне еніп, сол арқылы ауыр жүрек-қан тамырлары және тыныс алу органдарының ауруларын, соның ішінде тыныс алу органдарының қатерлі ісігін тудыруы мүмкін.

Зерттеудің бағалауы бойынша, тиімді шаралар қабылданбаса, Бішкекте 2040 жылға қарай үйдегі жылытудан шығатын ұсақ бөлшектердің шығарындылары 60 пайызға артуы мүмкін.

Зерттеушілер атмосфералық ауаның ластану мәселесін жеке секторда жылу сорғыларын пайдалану, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және энергия тиімділігін арттыру арқылы шешуді ұсынып отыр.

Қырғызстан астанасы қысқы жылыту маусымында әлемдегі ауасы ең лас қалалардың бестігіне тұрақты түрде енетіні атап өтілді.



Фото: undp.org






Соңғы жаңалықтар