Қырғыз түркологы: Қазақстан Президенті бабалар өркениетіне лайық болуға шақырып отыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстандық белгілі түрколог, Халықаралық Түркі академиясының ғалымы Қадырәлі Қоңқабаев ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түрколог деген бір топ ғалым бар. Сол ғалымдардың арманы орындалды деп қуанып жатырмыз. Себебі, түркі елдерінің 2-3 мың жылдық тарихына, түркі елдерінің түпкі мәдениеті мен этногенезіне, олардың жаратқан өркениеттеріне бірде-бір Мемлекет басшысы мұндай қамқорлық көрсеткен емес. Бұл - ең басты шаруа. Екіншіден, түркі елдерінің өркениеті - тарихтың жол-жөнекей құбылысы емес. Мысалы үшін Елбасының айтып отырған ат мәдениеті, аң стилі, ежелгі металлургия - адамзатты таңдай қақтырарлық мәдениеттер. Керек десеңіз, Еуропа елдері темірге алтын және күміс жалатуды 16-17 ғасырда ғана үйренген. Ал ата-бабалырымыз темір мен қоланың үстіне алтын мен күмісті жалатуды біздің дәуірімізге дейінгі екінші ғасырда меңгеріп қойған», - дейді Қадырәлі Қоңқабаев.

Танымал түркологтың айтуына қарағанда, қазіргі Тува Республикасының Қызылшарындағы қорғаннан жеті жарым келілік алтын табылған.

«Ондағы алтыннан таққан ханшаның моншағы үш жарым келі көрсеткен. Ол жерден алтыннан жасалған бәйтерек табылған. Ендеше біз аталарымыз жаратқан сол мәдениеттің барлығын жандандыруымыз керек. «Архив - 2025», меніңше, ең керек бағдарлама. Түркі елдерінің мәдениеттерін архивтеу, оқулық орталықтарын құру, музей ашу - түркі елдерінің келешегінің қамы. Егер мемлекет түркі елдерінің мұрасын ойламаса, онда ол мәдениеттің ешкімге де керегі жоқ. Оқымыстылар арманын айтып, қиялдап жүре берер еді. Өткенге үңілу, саралау, сабақ алу - Қазақстанның қуатты мемлекет болғанының белгісі», - деп түйді Қадырәлі Қоңқабаев.

Айта кету керек, бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялаған болатын. 

Соңғы жаңалықтар