Қырғыз-тәжік шекарасындағы жанжал: қосымша 351 адам эвакуацияланды

None
None
БІШКЕК.Кабар- ҚазАқпарат – Қырғыз-тәжік шекарасындағы Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтары арасындағы жағдай Ақсай ауылының 600-дан астам тұрғынын (халқының жалпы саны – 2 мыңға жуық) эвакуациялауға мәжбүр етті, деп хабарлайды Кабар агенттігі Қырғызстанның Қызыл Жарты Ай ұйымының баспасөз хатшысы Бегімай Асановаға сілтеме жасап.

«2019 жылғы 24 шілдеде Ақсай ауылынан Баткен қаласына қосымша 351 адам көшірілді. Үкімет 2019 жылғы 23 шілде күні кешке Баткен облысында төтенше жағдай жариялады», - деді Б. Асанова.

Оның айтуынша, 23 шілдеде Қырғыз Республикасының Қызыл Жарты Ай Ұлттық Қоғамы 1,5 мың литр бөтелкедегі су, 274 адамға арналған таңғы ас пен түскі тамақ бөлді; сондай-ақ, қосымша 300 адамға түскі ас берілді. Эвакуацияланғандар үшін екі жерде (№57 лицей мен медресе) балалар мен әйелдерге арналған психоәлеуметтік қолдау бойынша шаралар ұйымдастырылды.

Асанова айтқандай, бүгін, 2019 жылғы 24 шілдеде, Қызыл Жарты Ай Қоғамы тағы да бөтелкедегі су таратып, отбасылар мен эвакуацияланған тұрғындарға 5 жерде психоәлеуметтік қолдау көрсетіп жатыр. Бұдан бөлек Ленин атындағы мектепте 50 адамға арналған таңғы ас таратылды.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын қырғыз-тәжік мемлекеттік шекара учаскесінде қарулы қақтығыс туындап, жанжалға Ворух (Тәжікстан Республикасы) ауылындағы тұрғындардың елді мекеннің кіре берісіне флагшток орнатуы себеп болғандығы хабарланған болатын.

Ал, кеше таңертең қырғыз-тәжік шекарасындағы атыс тоқтап, жағдай тұрақтала бастағандығы мәлімделді.

Атыс болған учаскедегі шекаралық бөлімшелер күшейтілген қызмет режиміне көшірілген.

Сондай-ақ, кеше шекара маңында тұратын халықпен түсіндіру жұмыстарын өткізу кезінде Тәжікстан тарапынан Қырғызстан азаматына екі рет оқ атылған. Соның салдарынан ҚР Шекара қызметінің әскери қызметкері жараланды. Кездесуге Қырғыз Республикасы Мемлекеттік шекара қызметінің төрағасы Уларбек Шаршеев, Қырғызстан билігінің Баткен облысындағы өкілетті өкілі Акрам Мадуамаров қатысқан.











Соңғы жаңалықтар