Қырғыз-тәжік кикілжіңінің себебі тереңде жатыр - саясаттанушы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекаралық қақтығыстың тамыры тереңде жатыр. Саясаттанушы, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Болат Әуелбаев ҚазАқпарат тілшісіне осындай пайымын айтты.

Оның айтуынша, екі елдің арасында оқтын-оқтын туындайтын кикілжіңдердің негізгі себебі – Баткен-Исфана тасжолының бойындағы Төрт-Қаша дейтін шағын учаскеде Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтарының аралас қоныстануы.

«Қақтығыс негізінен қарапайым халық арасында туындайды. Таулы өлке болғандықтан, жер тар. Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан азаматтарының үйлері шахмат тақтасындағыдай аралас орналасқан. Содан болса керек, жанжал жиі шығады. Ол жанжалдарға әскерилер араласады. Мұндай кикілжіңдер оқтын-оқтын тұтанып, қайта басылып тұрады. Тәжіктер жағы ту ілсе, қырғыздар өз тақтайшаларын белгі етіп қағады, яғни құқықтық келіспеушілік бар.

Негізі екі елдің басшылығы да кикілжіңге мүдделі емес. Керісінше, үнемі барынша жылдам басуға тырысады. Облыстардың губернаторлары да жағдайды жұмсартуға барынша күш салады. Бірақ қайта-қайта жағдай бақылаудан шығып кете береді», - деді саясаттанушы.

Сарапшы бұл кикілжіңнің өзегі кеңес заманында жатқанын айтады. Тараптар түрлі құжатты алға тартып, даурыққанымен, әлі күнге дейін ортақ шешімге келе алмай жүр. Кеңес заманында шекаралық жер шаруашылық негізге қарай бөлінген. Яғни көшпелі өмірге жақын қырғыздарға жайылым алқаптары, отырықшы өмірге жақын тәжіктерге бақша мен көкөніс егуге қолайлы жерлер берілген.

«Шиеленісті жол мәселесі одан әрі ушықтырады. Тәжіктер өз жағын жапса, қырғыздар да қозғалысты шектейді. Бір-біріне ерегіссе болды, жол жабылады», - дейді Болат Әуелбаев.

Сондай-ақ, ол қазір қос тарап 2009 жылғы келісімшарт бойынша ортақ мәмілеге келе алмай отырғанын айтты. Ол келісім бойынша Қырғыз Республикасы Тәжікстаннан жол жөндеп, көпір салу үшін 49 жыл мерзіммен ішкері қарай 275 метр жер жалға алған. Қырғыз елінің Президенті Садыр Жапаровтың айтуынша, Тәжікстан тарапы осы құжатты негізге алып, шекаралық учаскеге талас тудырып отыр. Алайда Қырғыз Республикасы тарапынан қол қойған сол кездегі Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Адахан Мадумаров ол келісімнің шекараны айқындайтындай заңдық күші жоқ дегенді айтады.

«Тағы бір проблема суға таластан туындап отыр. Мәселені шешу үшін шекара туралы келісімшарт бекітіліп, екі тараптың тұрғындары да өз елдеріне қарай ығысып қоныстандырылуы керек. Ортада ашық «бейтарап» аумақ болуы шарт. Мемлекет қонысын ауыстырған өз азаматтарына шығынды өтеп беруі керек. Ал әзірге кикілжіңдер президенттер, губернаторлар мен шекарашылар деңгейінде, автоматты түрде шешіліп қана жүр», - дейді сарапшы.

Ал түбегейлі тыныштық орнату үшін екі жақтан шекара мәселесі бойынша комиссиялар жұмыс істеуі керек.

«Мен мұның соңы кең ауқымды қақтығысқа апарады деп ойламаймын. Өйткені Тәжікстанның Ауғанстанмен арада проблемасы бар. Дәл қазір Душанбені сол проблема көбірек алаңдатады. Ауғанстанда былтыр тамызда билік ауысқанын білесіздер. Олар тәжік режиміне қарсы. Қырғыз тарапына да бұл қақтығыс тиімсіз. Оның үстіне қазір пандемиядан кейінгі кезең. Бюджеттің тапшылығы бар дегендей. Армияға ақша шығындау тиімсіз. Осының бәрін ескерсек, кикілжің дипломатия жолымен шешімін табуы керек. Геосаяси орта да оқиғаның солай өрбуіне ықпал етеді. Оның ішінде Қырғыз Республикасы да, Тәжікстан да мүшесі болып есептелетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының елдері де мәселені президенттер деңгейінде, қауіпсіздік қызметінің басшылары деңгейінде дпиломатиялық жолмен шешуге күш салады», - деп түйіндеді Болат Әуелбаев.


Соңғы жаңалықтар