Қырғыз тарапының Қазақстанға су сату туралы ұлттық идеясы бар - Данияр Әшімбаев

None
Фото: too.kg
ТАРАЗ.ҚазАқпарат - Биыл вегетациялық кезең басталғалы жамбылдық фермерлер су тапшылығын сезінді. Әсіресе тамыз айының басында су жетіспеушілігі қатты байқалды. Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Талас, Рысқұлов аудандарындағы егін алқаптарына қауіп төніп тұр. Киров су қоймасынан су жеткізілімі төмен болғандықтан, мыңдаған гектар пияз бен қант қызылшасы күйіп кетудің сәл-ақ алдында тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдын ала мәліметтер бойынша, Жамбыл облысында жүгері алқаптарының басым бөлігі күйіп кеткен, қант қызылшасы, көкөніс және бақша дақылдары аздап зардап шеккен.
9 тамыздағы жағдай бойынша Талас өзені бассейніндегі Киров су қоймасының көлемі 32,48 млн текше метрді құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (177,28 млн) 144,8 млн текше метрге аз.
Бір қызығы, еліміздің оңтүстігінде Қырғызстан тарапындағы трансшекаралық өзендерден су жеткізу мәселесі бірінші рет туындап отырған жоқ. Биыл, шынында да, құрғақшылықты басты себеп деуге болатын болса, өткен жылдары қырғыз тарапының тапсырысымен су берілген. Қазақстандық саясаттанушы Данияр Әшімбаев ҚазАқпарат тілшісіне суармалы су тапшылығы мәселесі туралы пікірімен бөлісті.
«Бұл негізі бұрыннан келе жатқан мемлекетаралық мәселе. Өткен жылы суару жүйесі дұрыс салынбаған, қайта жөндеу керек деген әңгіме айтылды. Одан кейін біздің болжаушылар өзендердің толымдылығына жасалған болжамда қателік жіберді. Бұл көрші елмен жылда жалғасып келе жатқан проблема. Жақында бір әріптесім атап өткендей, қырғыз тарапының Қазақстанға су сату туралы ұлттық идеясы бар», - деді Д.Әшімбаев.
Данияр Әшімбаев Қазақстанның оңтүстігінде су тапшылығы мәселесі жылда туындайтынын, бірақ оның тұрақты жүйелі шешімі жоқ екенін атап өтті.
«Қырғызстаннан жеткізілетін судың көлемі бойынша – өзара жеткізу кешені, энергетикалық ресурстармен алмасу, Қордай арқылы транзит мәселелері өзара байланысты болып шықты. Шын мәнінде, су мәселесінің ұзақ мерзімді жүйелі шешімі жоқ. Әр жолы мәселе жаңадан шешіледі. Бұл немен байланысты - айту қиын. Жуырда Экология министрі бастаған қазақстандық делегация Ташкент және Бішкекпен келіссөздер жүргізген болатын. Соған қарағанда, келіссөздер сәтсіз аяқталған сияқты. Осы жерде сұрақ туындайды – келіссөздер сәтсіз аяқталып, аймаққа су жеткізілімі тіпті қысқарған екен, демек бұдан жоғары деңгейде шешім қабылдануы керек».
Су ресурстарына жауапты мемлекеттік орган саналатын Экология министрлігі жұмысындағы жүйелік ақау тағы да бой көрсетті, дейді саясаттанушы.
«Мемлекет басшысының бұл министрлікті Астананы сумен қамту мәселесіне байланысты сынға алғаны есімде. Басқа аймақтарда да күрделі мәселелер бар. Жақында әріптестер осы жүйедегі кадр тапшылығы мәселесін айтты. Су шаруашылығы саласында қаншама шенеунік жемқорлыққа байланысты тұрақты түрде қамауға алынады. Менің ойымша, бұл жерде күшті байланыс бар. Бізде қазір 50 мың IT маманы әзірленіп жатыр, ал су шаруашылығы бойынша небары 50-60 маман бар. Яғни, су шаруашылығы жүйесі жылдан жылға құлдырап барады. Су шаруашылығының мәртебесін көтеру әрекетінің соңы министрлік ішіндегі аппараттық күреспен, отставкалар мен жанжалмен аяқталды. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ», - деді ол.
Саясаттанушының пікірінше, жүйелі жоспарлау болмаған соң, су тапшылығы ұлттық ауқымдағы қауіпті мәселеге айналып барады. Ал мәселені шешуге нақты шаралар ұсынылған жоқ.
«Мәселе бір жылдан астам уақыт бойы Жамбыл облысында ғана емес, бүкіл республика бойынша ауқымды түрде талқыланып келеді. Жуырда ғана Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Президенттің көмекшісі Әсет Исекешев су шаруашылығы мәселесін шешуге кірісті. Бұл мәселені тез арада шешу керек екені түсінікті. Өкінішке қарай, біздің келіссөзшілер әлі де қажетті ұсыныс көрсеткен жоқ. Мәселе өзара «шантаж» арқылы шешілуі мүмкін және ол бір айға созылуы мүмкін. Ал нөсер жаңбырға үміт жоқ. Кейбір аймақтар жаппай жауын-шашын тілеп, тасаттық беруді дәстүрге айналдырып алды», - деді ол.
Оның пікірінше, бұл түйткілді мәселені шешу үшін жүйелі көзқарас қажет.
«Дәл қазір мұндай тәсілді ешкім ұстанып отырған жоқ. Бішкекпен ұзақмерзімді стратегиялық келісім керек, бірақ неге екені белгісіз Астана да, Бішкек те ондай қадам жасамай отыр. Сондықтан су тапшылығы мәселесі жақын арада шешіле қоюы екіталай. Жағдайдың жақсаруын болжау қиын. Проблема үнемі қайталануы мүмкін. Су шаруашылығын жеке басқармаға (кеңес кезінде бұл мелиорация және су шаруашылығы министрлігі болатын) бөлу мәселесі жақында көтерілді. Оның үстіне су ресурстарын басқару Қазақстан үшін ең жоғары басымдықтардың бірі. Өткен онжылдықтардың тәжірибесіне сүйене отырып, өте жылдам оң динамика болатынын әлі де болжау мүмкін емес. Біздің елдегі су мәселесі нашар жоспарланған құбырлар, нашар жоспарланған климаттық болжамдар, Қырғызстанмен ұзақ мерзімді шешімдер мәселесі. Меніңше, қазіргідей емес, министрлік деңгейіндегі су мәселесіне жеке-жеке мемлекеттік мекеме бөлу керек, оның құрамында нағыз мамандар болуы тиіс», - дейді қазақстандық саясаттанушы Данияр Әшімбаев.


Соңғы жаңалықтар