Қырғыз шекарасындағы қазақстандықтың өлімінің мән-жайы анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Қырғызстанның шекара қызметтерінің басшылары мемлекеттік шекарада қару қолдану мәселелерін талқылайды. Бұл туралы ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қырғыз шекарасының режімі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Отырыс барысында Д. Ділманов Қазақстан - Қырғызстан шекарасындағы атыстан бір адамның мерт болуына қатысты оқиғаға түсінік берді.

«Біз шекарашы әріптестермен бұл жағдайды тексеріп шықтық. Сонымен қатар, бұл мәселеге байланысты екі елдің мемлекеттік органдарының өкілдері де тартылды. Аталған оқиғада анықталған үш адам Қазақстан азаматтары болып отыр. Олардың екеуі бұған дейін мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Яғни олар Қырғызстан аумағына бірнеше рет өткен. Екеуі шартты түрде 6 айға жазаланған», - деді Шекара қызметінің директоры.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік шекараны олар таулы аумақта кесіп өткен.

«Мал ұрлау мақсатында олар Қырғызстанға қарай шекараны заңсыз өтіп, ұрлық жасады. Бізде 10 бас мал ұрланды деген мәлімет тараған, ал қырғыз жағы малдың 15-ке жуық екендігін айтуда. Қалай болғанда да бұл факті орын алған. Шекара бұзушы(Қазақстан азаматы) тарапынан Қырғызстан шекарашысының өміріне қауіп төнетіндей іс-қимыл жасалғаны айтылды. Қырғыз шекарашыларының атап өтуінше, ол офицер мен сарбазға пышақ алып жүгірген. Өз кезегінде шекарашылар оқ атқан», - деп түсіндірді Д. Ділманов.

Оның сөзіне қарағанда, екі ел шекарасында жиі кездесетін заң бұзушылықтар мал ұрлығына қатысты болып отыр. Бұл тұрғыда көбіне Қырғызстан азаматтары алдын ала уағдаласа отырып, Қазақстан аумағына мал өткізеді. Соңғы үш жылда шекараны осылай заңсыз кесіп өтуге байланысты 26 факті тіркелген. Жалпы, 573 жылқыны өткізбек болған.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 23 қаңтарда қазақ-қырғыз шекарасында атыс болып, оқиға орнында отандасымыз мерт болды.

Көп ұзамай еліміздің сыртқы министрлігі орын алған оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

Соңғы жаңалықтар