Қырғыз сарапшысы Қазақстан және Өзбекстанмен бірлескен ГЭС құрылысы туралы айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Қанатбек Азиз «Қазақстан - Өзбекстан - Қырғызстан» үштігінің «Қамбар Ата-1» гидроэлектр станциясын бірлесіп салу жобасының келешегі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қамбар Ата-1» ГЭС-і қандай шарттармен салынатынын айту әлі ерте. Өйткені үш елдің арасында жалпы құрылыс туралы ортақ уағдаластық қана бар. Ең бастысы, су ресурстарының проблемасы үш елді де айналып өтпейтіні туралы ортақ түсінік бар», - деді ол ҚазАқпарат тілшісіне «Орталық Азия-2030: Болашақтың келбеті» атты сарапшылар кездесуі аясында.

Оның айтуынша, Қырғызстан сарапшылары да 2030 жылдан бастап өз елдерінде ауқымды су проблемалары басталуы мүмкін екенін айтып, дабыл қағып жатыр.

«Аралдың құрғауы, өзге де көлдердегі құрғақшылық және тағы басқа проблемалар бар. Мұздықтардың еріп, климаттың өзгеруі, күннің жылынуы сияқты мәселелер және бар. Осы проблемаларды жария түрде, ақылдаса отырып шешу керектігі туралы пайымының үш тараптан да айтылып жатқаны маңызды әрі уақтылы деп есептеймін.

Үш елдің энергетика саласына жауапты министрлік басшылары қол қойған келісім дер кезінде жасалған маңызды қадам деп есептеймін. «Қамбар Ата-1» ГЭС-ін салу жобасы судың ғана мәселесі емес, сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздік мәселесі де.

Ең бастысы, Қырғыз тарапы бұл жобаға келісім беріп отыр. Өйткені нысан біздің аумақта бой көтереді. Қазір әлемдегі ушыққан жағдай Орталық Азияға біртұтас құрылым ретінде қарауымызға итермелеп отыр», - деді Қанатбек Азиз.

Фото:twitter.com/trtavazkirgizca


Соңғы жаңалықтар