Қырғыз Президенті ЕАЭО елдері экономикасындағы алшақтыққа алаңдаушылық танытты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергиясы нарығын реттеу жөніндегі органын құру қажет. Бұл туралы бүгін елордада өткен Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экономикасы арасындағы айтарлықтай алшақтықпен байланысты өзекті мәселеге назар аудартқым келеді. Одақ елдер арасындағы алшақтықтың сақталу тенденциясы толықтай алғанда еуразиялық интеграцияның дамуына теріс ықпал етуі мүмкін. Біз экономиканы нығайту және үйлесімді дамуы мен жақындасуын қамтамасыз ету мәселесі бойынша пәтуалы шешім табуымыз қажет», - деді Қырғыз Президенті.

Осы ретте ол Еуразиялық экономикалық комиссияға елдерді қолдаудың түрлі тетіктерін сараптауға және оларды енгізу бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуге тапсырма беруді ұсынды.

«Бұған қоса, қазіргі уақытта біз ортақ электр энергиясы нарығын құрып жатырмыз. Ортақ электр энергиясы нарығын реттеу жөніндегі орган құрудың мақсатқа сай екендігін қарауды ұсынамын. Қырғызстан электр энергиясы жөнінен әлеуетті ескере отырып, мұндай органды өзінде орналастыруға дайын», - деді Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков.

Айта кетейік, кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Ресей Президенті Владимир Путин, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, сонмен қатар Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекеттің басшысы ретінде, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон құрметті қонақ ретінде қатысты.

Соңғы жаңалықтар