Қымызды бір кездері өткізе алмасақ, қазір жақсы табыс көзіне айналды -ақтөбелік кәсіпкер

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбелік кәсіпкер Орынбай Жолмұратов 100 биені автоматты түрде сауып, қымыз пісіп отыр. Ол өнімді сатып алушыға үш күннің ішінде жеткізіп береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы өтті. Бұл көрмеге «Шыңғыс» шаруа қожалығы бірінші рет қатысып отыр. Ауылда, шаруашылықта жүрген Орынбай Жолмұратов көбіне мұндай хабарды естімей қалады. Бұл жолы көрме-байқауда алыстағы шаруаларға басымдық берген. Қымызды арнайы ыдысқа құйып әкелген шаруа жеңімпаз болуға емес, өзін таныстыруға көп көңіл бөлді.

«Қымызды шыны ыдысқа сақтаған дұрыс. Бірақ біз қымыз сапалы болсын деп биені облыс орталығынан 500 шақырым жерде бағамыз. Таза ауа, шөп те құнарлы. Ал тасу кезінде шыны ыдыс пайдалана алмаймыз. Сондықтан баклажкаға құямыз. Қымызда еш қоспа жоқ. 2004 жылдан бері тасымалдап, сатамын. Бірақ соңғы 4 жылда арнайы сауын, қымыз пісу аппаратын сатып алдым. Әйтеке би ауданынан келгенше шайханалар алады, ал қалада бір орталыққа жеткізсем, адамдар өздері келеді»,- деді Орынбай Жолмұратов.

Кәсіпкер үйір-үйір жылқы ұстағанымен тек 100 бие сауып отыр. Себебі, сұранысқа орай қымыз шығарылады. Жылына шамамен 100 тонна қымыз жеткізіледі.

«Бізде бие арнайы аппаратпен сауылады. Мұндай аппарат Ақтөбедегі өзге қымыз шаруашылықтарында жоқ. Негізі кәсіпті қарапайым жолмен бастадым. 2000 жылдардың басында қымызды әкеліп, базар, вокзалда сатып жүретін едім. Кейде адамдарға қымызды өткізе алмадым. Ал қазір жақсы табыс көзіне айналды. Шаруашылықта 13 жұмысшы бар. Алдағы уақытта түйе, сиыр ұстап, сауып, сүт өнімдерін шығаруды жоспарлап отырмын»,- деді Орынбай Жолмұратов.
null

Кәсіпкер 200 бие саууды жоспарлап отыр. Ол үшін жыл бойы бие сауып, қымыз пісуге ыңғайлы ғимарат салуы керек. Ұсыныс әзірге қолдау таппады.

«Мен ел ішіндегі бағдарламаларды білеймін. Далада жүріп, көп жаңалықты кеш естіп жатамын. Ал айтып, түсіндіріп, жолын көрсетсе, бизнесті дамытуға әзірміз»,- деді ол.

Кәсіпкер ірі супермаркеттерге қымыз тапсырмайды. Себебі, уақыт өткен сайын сүт өнімінің сапасы жойылып кетеді.

Айта кетейік, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» номинациясында өртке қарсы күрес тауарлары зауыты мен арнайы киім тігетін шеберхана, Ақтөбе рельс-арқалық зауыты жеңімпаз атанды.

Ал «Үздік азық-түлік тауары» сүт және сүт өнімдерін шығаратын «Болат ЛТД» ЖШС, «Актюбинский мясной кластер» ЖШС және «Рамазан» ЖШС алда келді. «Халыққа арналған үздік тауар» номинациясында қағаз шығарып, жиһаз жасайтындар үздік атанды. Жеңімпаздар мен жолдама алған ақтөбелік кәсіпкерлерді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтап, алғыс хат берді.

null

Соңғы жаңалықтар