Қымбат, бірақ маңызды жоба - Алматы әкімі LRT салу туралы

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Жеңіл рельсті трамвай (LRT) желісі жобасын жүзеге асыру шешімі 2023 жылы қабылданады. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында Медеу ауданының тұрғыны мегаполис басшысынан LRT құрылыс жобасы қашан жүзеге асады деп сұрады.

«Төле би көшесі бойындағы LRT мәселесін даму жоспарына енгіздік. Жұмысты бастап жатырмыз. Қалада жүзеге аса бастаған бірнеше жоба бар. Мысалы, Еуропа қайта құру және даму банкі қатысатын жоба. Жеке ұсыныстар да болды. Енді біз оны қалай жүзеге асыруға болатынын ескере отырып, оңтайлы схеманы табамыз. Алдымен шығындар қаралады. Біріншіден, қаладан өз мүмкіндіктерімізді есептеп алуымыз керек, бұл жобаны қай уақытта жүзеге асыра аламыз? Бұл негізгі жобалардың бірі болмақ. 2023 жылы не істей алдық және бұл жобаның қандай формада жүзеге асатынын, жұмыс қай жылдарды қамтитынын көрсетеміз. 2025 жылдың соңына қарай алғашқы нәтижені көреміз. Бұл жұмыс 2023 жылы басталуы керек», - деді әкім.

Оның айтуынша, қазір LRT жобасын қаржыландырудың оңтайлы схемасын табу қажет.

«LRT - қала үшін арзан емес, бірақ өте маңызды жоба. Мұндай көлік құралы қалаға керек. Мен ұсынылған жобаларды қарастырып жатырмын. Жобаға қанша қаражат қажет болатынын және оның қандай кезеңде жүзеге асатынын шешу керек. LRT бағыты бойынша жерді сатып алуды жалғастырамыз. Келесі жылдың көктемінде жобаның қалай жүзеге асатынын айтамын», - деді Ерболат Досаев.

Бұған дейін Алматыда жеңіл рельсті көліктің бірінші желісі 2027 жылы іске қосылатынын жазған едік.

Айта кетейік, LRT желісінің құрылысы 2020 жылға жоспарланған болатын. Жобаның инвестициялық құны – 94 203 млн теңге.



Соңғы жаңалықтар