Қылмыстық топ белсендісі: Қызылордада көлік өртенгендерге қатысты жаңа мәлімет

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада түрмеден босап шыққан адам сыбайласымен бірге бөтеннің көлігін ұрлап, оны кейіннен өртеп жіберген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұдан бұрын белгісіз біреулер тұрғын үй жанында тұрған көлікті өртеп жібергенін жазған едік.

Облыстық Полиция департаменті оқиға жайында түсінік берді.

Ведомство мәліметінше, 21 қарашада Қызылорда қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданды.

Белгілі болғандай, кешкі уақытта қала орталығындағы көшелердің бірінде тұрғынды ұрып-соғып, оның «Opel Vectra» маркалы автокөлігін белгісіз адамдар ұрлап кеткен. Оны кейіннен өртеп жіберген. Келтірілген материалдық шығын - 1 500 000 теңге. Көп ұзамай Қызылорда қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері екі күдіктіні ұстады. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.

«Күдіктілердің бірі ұйымдасқан қылмыстық топтың белсендісі екендігі анықталды. Ол бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бірнеше қылмысы үшін сотты болған. 2015 жылы ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен 6 жылға сотталған. Қазіргі таңда күдіктілердің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы 2-бөлігінің 1,3-тармақтарымен және 202-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Екі күдікті қазіргі таңда басқарманың уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Полиция департаментінен.


Соңғы жаңалықтар