Қылмыстық процестің жаңа форматы жұмыстағы айыптау бағытын жояды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қылмыстық процестің үш буынды моделін толыққанды енгізу жұмыстағы айыптау бағытын жояды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетерлігі, бүгін ҚР Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов ведомствоаралық кеңес өткізіп, қылмыстық процестің үш буынды моделімен, агенттік қызметкерлері мен прокурорлардың электронды форматта процессуалдық шешімдерді келісудегі өзара іс-қимылымен танысқан болатын.

Іс-шара барысында елордалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Шыңғыс Қабдула ведомство басшыларын азаматтар мен мемлекеттік органдарды қылмыстық аяға тартуды барынша азайтуға, басқарушылық қателіктердің шектен тыс криминализациясын жоюға және жұмысқа заманауи цифрлық технологияларды енгізуге жедел-тергеу жұмысын қайта бағдарлау бойынша қабылданып жатқан шаралармен таныстырды.

Өз кезегінде Марат Ахметжанов үш буынды модельді толыққанды енгізу жұмыстағы айыптау бағытын жоюға, тергеушілердің іс жүргізу қателіктерін болдырмауға және жазаның бұлтартпастығы қағидатын сақтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Еліміздің Бас прокуроры мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы заңдылықты қамтамасыз ету үшін енгізілген өзгерістердің маңыздылығын, тергеу сапасын арттыру мен жиналатын материалдардың толықтығын қамтамасыз ету бойынша жұмысты одан әрі жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар, М.Ахметжанов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерінің назарын қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарын мүлтіксіз сақтау және азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзуға жол бермеу қажеттігіне аударды.


Соңғы жаңалықтар