Қылмыстық кірістерді жылыстатудың схемаларын анықтайтын типологиялар әзірленуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Қылмыстық кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландырудың алдын алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін Кірістерді жылыстату және терроризмді қаржыландырумен күрес жөніндегі ведомствоаралық кеңестің үшінші отырысы өткізілді. Оған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов, Еуразиялық топтың Төрағасы – Қаржылық мониторинг федералды қызметінің басшысы Юрий Чиханчин, ҚР Парламентінің депутаттары және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты», - делінген Қаржылық мониторинг агенттігі баспасөз қызметінің мәліметінде.

Кездесудің мақсаты – еліміздің Өзара бағалаудың екінші раундына тиімді дайындығын қамтамасыз ету.Кеңейтілген отырыста бар мәселелерді шешуде күш-жігерді біріктіру белгіленген. Ресейден шақыртылған әріптестер өз тәжірибесімен бөлісіп, өзекті сұрақтар бойынша ұсынымдар берді.

«ФАТФ ұсынымдарына сәйкес болу үшін қазіргі кезеңде Қазақстанға заңнаманы жетілдіру қажет. Агенттік заңнамалық түзетулердің бірінші топтамасын әзірледі. Ведомствоаралық және халықаралық өзара әрекеттесудің механизмдері жетілдіріліп келеді. Еуразиялық топ аясында қылмыстық кірістерді жылыстатудың әдістері мен схемаларын анықтаудың жалпы типологиялары әзірленуде», - деді Әлихан Смайылов.

Мемлекет басшысы Агенттіктің заңнамада ФАТФ-тың іске асырылмаған ұсынымдарын қолдану жөніндегі ұсынысына қолдау көрсеткендігін атап өткен жөн.

ҚМА Төрағасы Жанат Элиманов отырысты қорытындылай отырып, Кеңес мүшелерінен енгізілген түзетулерді мүмкіндігінше қолдап, оларды келісу процесін тездетуді сұрады. Сонымен бірге, қаражатты жылыстатумен күреске тартылған мемлекеттік органдарды күш біріктіріп, халықаралық қауымдастыққа қаражатты жылыстатумен күрестегі мемлекеттік аппараттың тиімділігін көрсетуге шақырды.

«Өзара бағалау нәтижелері еліміздің экономикалық дамуына әсер етуі мүмкін. Ең алдымен, инвестициялық климатқа, қызмет көрсетудің банк және қаржы салаларына», - деп агенттік төрағасы.

Еске салатын болсақ, 2021-2022 жылдары қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстату) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың ұлттық жүйесі халықаралық сарапшылармен Ақшаны жылыстатумен күрестің қаржылық іс-шараларын әзірлеу тобының (FATF) талаптарына сәйкестігі бағаланбақ. ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі осы бағалауды өткізу бойынша ұлттық үйлестіруші бола отырып, мемлекеттік органдармен және қаржы мониторингі субъектілерімен бірлесе отырып, алдағы ЕАТ-тың өзара бағалауына қаржылық мониторингтің ұлттық жүйесін дайындау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.


Соңғы жаңалықтар