Қылмыстық атқару жүйесіндегі азаматтық қызметкерлердің табысын үстемеақы арқылы көтеру ұсынылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенат отырысында палата депутаттарының сауалдары бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мемлекеттік органдарды тыңдау отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенат депутаттарының алдында Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов түзету мекемелерінде деструктивті діни ағымдар идеологиясының таралуына жол бермеуге бағытталған шаралар туралы мәлімет берді.

«Еңбекақы көтерілгеніне қарамастан, мысалы, біздің мекемедегі бақылаушы сержанттардың айлығы 120 мың теңдегей болады. Ал инспектор-офицерлердің айлығы – 150 мың теңге. Осыған байланысты қазір Үкімет еңбекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесі туралы жаңа тәсіл әзірлеп жатыр. Тәсіл бойынша, әскери және күш құрылымдарының қызметкерлері теңгерімсіздікке жол бермейтін бірыңғай лауазымдар тізілімінде тұрады деп көзделіп отыр. Осы реформа аясында бақылаушылардың лауазымдық айлықтарын ішкі істер органдарының аудандық бөлімшелерінің инспекторлар құрамы деңгейіне дейін көтеру көзделген», - деді комитет төрағасы.

Сондай-ақ, ол түзету мекемелерінде жұмыс істейтін азаматтық қызметкерлердің тұрақтамайтынын айтты. Мұның да басты себебі – айлықтың аздығы.

«Сонымен бірге мекемедегі азаматтық қызметшілердің кадрлық біліктілігі мәселесі шешілмей отыр. Бұл – қаржы саласы мен тылдағы есепші, психолог, заңгер сияқты мамандық иелері. Олар офицерлік құраммен қатар сотталғандармен тұрақты байланысады, қабылдау өткізеді, құқықтық көмек көрсетеді. Олардың еңбекақысы 70 мың теңге мен 110 мың теңге арасында. Бүгінгі таңда осындай жұмыс көлемі көп, айлығы төмен жауапты учаскелерге тәжірибелі мамандарды тарту қиын. Әдетте мұндай мамандар біздің мекемелерде 3 жылға дейін тәжірибе жинайды да, басқа мемлекеттік органдарға немесе азаматтық секторға ауысып кетеді», - деді комитет басшысы.

Комитет бұл мәселені шешудің жолын да ұсынған. Алайда қолдау таппаған көрінеді.

«Бұл азаматтық қызметкерлердің жұмысындағы кәсіби ерекшелікті ескере отырып, айлықтарныа төленетін үстемеақыны қылмыстық атқару жүйесінде қызмет атқаратын медицина мамандарына төленетін үстемеақы сияқты көтеру керек. Қызметкерлерді ынталандырудың біз ұсынып отырған бұл түрі әзірге қолдау таппай тұр», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар