Қылмыстық‑атқару жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 10‑ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жазалауды орындау жүйесін және қылмыстық‑атқару жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған заң жобасы халықаралық актілердің ережелері ескеріле отырып, жазаларды өтеу тәртібі мен шарттарын жетілдіру, сотталған адамдарды қоғамнан оқшаулауға байланысты емес қылмыстық‑құқықтық ықпал ету шараларының тиімділігін күшейтуге бағытталған. Сонымен бірге, құжат қылмыстық‑атқару жүйесі мекемелерінің құқықтық және әлеуметтік қорғалуын арттыруды көздейді. «Жоба бойынша ең алдымен сотталғандарды жабық түрдегі түзеу мекемелерінде ұстау тәртібі тұжырымдамалы түрде өзгереді. Бұл қатаң оқшаулауды қамтамасыз ететін оқшауланған учаскелерін құру арқылы сотталғандарды бір түзеу колонияларының шегінде ұстау мүмкіндігін береді. Тергеу изоляторында тиісті учаскелерді құру арқылы қамау түріндегі қылмыстық жазалар енгізіледі. Қазіргі күні қажетті  учаскелерді құру бойынша 1 мың 350 орынға дайындық жұмыстарын жүргіздік. Сонымен бірге, заң жобасы қылмыстық‑атқару жүйесі қызметкерлерінің құқықтық қорғалуын жақсартуға бағытталған», деді құжат бойынша баяндама жасаған ҚР Әділет вице‑министрі Дулат Құсдәулетов.

Заң жобасы нормаларының іске асырылуын қамтамасыз ету үшін, сондай‑ақ, қамау түріндегі жазаны орындау бөлігі бойынша 2009-2011  жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында  1 млн. 450 мыңға жуық қаражат көзделіп отыр.

Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы екінші оқылымға әзірлеу үшін  комитетке тапсырылады.

Соңғы жаңалықтар