Қылмыстық-атқару кодексінің жобасы сотталғандардың мінез-құлқына «әсер» ететін болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Қылмыстық-атқару кодексі жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Кодекс жобасы сотталғандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалу деңгейін, қылмыстық жазаларды орындаудың тиімділігін едәуір арттыруды, сондай-ақ сотталғандарға тәрбиелік тұрғыдан ықпал етудің сапасы мен дәрежесін жақсартуды көздейді.

Бұл ретте құжат бойынша ең алдымен бас бостандығынан айыру жазасын орындау тетігі жетілдіріледі. Жазаны орындаудың бұрын енгізілген прогрессивтік жүйесі енді қоныс-колониялар мен түрмелерге таралатын болады. Бұл жүйе сотталғандарды ұстауды кезең-кезеңімен ауыстыруды және оларды құқыққа мойынсұнғыштыққа, тәртіпке бағынған жүріс-тұрысқа ынталандырады.

Осыған орай, бас бостандығынан айырылғандар алдымен өз жазаларын әдеттегі жағдайда өтей бастайды. Алайда, кейіннен жүріс-тұрысына, түрмедегі іс-әрекеттеріне қарай оларды қатал немесе жеңілдетілген жағдайда ұстаумен ауыстыру қарастырылады. Бұл ретте сотталған адамның мінез-құлық дәрежесін мекеме бастығы айқындайтын болады. Осылайша, сотталғандарды ұстаудың отрядтық тәртiбiнен камералық тәртiбiне кезең-кезеңмен ауысуы iске асады.

Бұдан басқа, заң жобасын қабылдау қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес қылмыстық-құқықтық шараларды анағұрлым кең қолдануға, сотталғандар мен жазасын өтеуден босатылған тұлғаларды әлеуметтiк бейiмдеуге және оңалтуға, пенитенциарлық және одан кейiнгi қылмыстың қайталану деңгейiн азайтуға жағдай жасайды, сондай-ақ сотталғандармен жүргiзiлетiн тәрбие процесiне жұртшылықтың қатысу тетiгiн қалыптастырады.

Соңғы жаңалықтар