Қылмысты ашу үшін қылмыскер секілді ойлай білу керек – криминалист

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Қылмыскерлерді ұстауда криминалистердің еңбегі зор. Себебі, қылмыс болған жерге табаны бірінші тиіп, айғақтарды жинайтындар – осы мамандық иелері. 7 мамыр – Отан қорғаушы күнінде Өскемен қалалық ПБ криминалистика бөлімі бастығының орынбасары Ақылбек Мұхаметқалиевпен сұхбат құрған едік.

Ақылбек Мұхаметқалиев Күршім ауданы Сарыөлең ауылында дүниеге келген. Өскемендегі Қазақстан-Американдық еркін университетін 2005 жылы «Заңгер» мамандығы бойынша тәмәмдады. Диплом алған соң әскерге аттанған.

- Отан алдындағы борышымды өтеп келгеннен кейін Глубокое аудандық полиция бөліміне криминалист болып жұмысқа тұрдым. Криминалистің жұмысы қауырт, жауапкершілігі ауыр. Күн-түнге, сенбі, жексенбіге қарамаймыз. Қылмыс болған жерге бірінші болып барамыз. Жан-жақты мұқият тексеріп, айғақ заттарды жинаймыз, - дейді ол.

2009 жылы Өскеменге жұмысқа ауысқан. Полиция басқармасының криминалистика бөлімінде еңбек етіп, өзін жақсы қырынан көрсете білді. Соның арқасында 7 жылдан кейін бөлім бастығының орынбасары лауазымына көтерілді.

- Жұмыс барысында әртүрлі қылмыстардың ашылуына септігіміз тиді. Мәселен, бірде Аблакетка кентінде кісі өлімі болған пәтерге бардым. Қаскөй зейнеткерді пышақтап өлтіріп кетіпті. Бөлме ішін мұқият тексердік. Есіктен қылмыскердің саусақ ізін алып, папилон жүйесі арқылы іздестірдік. Жүйе бұған ұқсайтын бірнеше адамның саусақ ізін көрсетті. Содан кейін сараптама жасап, нақты кімнің ізі екенін анықтадым. Осылайша, қылмыскердің кім екені белгілі болды. Мұндай оқиғалар көп. Ұрлық жасағандар да жиі қолға түсіп жатады, - дейді Ақылбек Мұхаметқалиев.

Десе де, қазір заңды елемейтіндер саусақ ізі арқылы тым сирек ұсталатын көрінеді. Жауапқа тартылмас үшін қолғап киіп, әр қимылдарын алдын ала ойластырып жасайды. Бірақ, криминалистика саласы да бір орында тұрған жоқ. Қылмыс жасағандардың кім екенін анықтаудың амал-тәсілдері көбейіп келеді.

- Қазір бөлімде 26 криминалист бар. Маман тапшы емес. Ұжымымыздың береке-бірлігі жарасқан. Қатарымыздағы әр азамат өз саласына берілген. Меніңше, екінің бірі криминалист бола алмайды. Қылмысты ашу үшін қылмыскер секілді ойлай білу керек. Оның қалай келіп, қалай кеткенін анықтау, дәлелдемелерді жинау шыдамдылық пен ептілікті қажет етеді, - дейді тісқаққан криминалист.

Кейіпкеріміз өмірлік жарымен 3 бала тәрбиелеп отыр. Үлкені 11-де, кенжесі 3 жаста.



Сөз соңында ол Қазақстанның ер азаматтарын мерекелерімен құттықтады.

- Ең бастысы, денсаулықтарыңыз мықты болсын! Адамгершілікке тән асыл қасиеттерді сақтап, ел үшін еңбек етейік. Бала-шағамыз аман болып, Отанымыз өркендей берсін! - деді Ақылбек Мұхаметқалиев.



Соңғы жаңалықтар