Қылмыскерлерді құрықтауда бейнебақылау камерасының пайдасы тиді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолалық полицейлер бейнебақылау камерасы арқылы он күннің ішінде 8 қылмыстың бетін ашты, деп хабарлайды аймақтық ІІД баспасөз қызметінен.

Полицейлердің мәліметі бойынша, 9 наурыз күні жедел басқару орталығының "102" арнайы желісіне облыс орталығының тұрғыны, азаматша қоңырау шалған. Әйелдің сөзіне қарағанда, қалаішілік автобуста біреулер оның сөмкесіндегі әмиянын жымқырып кетпекші болған. Абырой болғанда баукеспе ұры әрекетінен түк шықпаған соң жақын аялдамалардың бірінде автобустан түсіп тайып тұрады. Алайда, зардап шегуші оның түрін, үстіндегі киімін есінде сақтап үлгереді. Әйелдің полицейлерге берген арызы мен мәліметі бойынша күдікті деген ер адам ұсталды. Осы орайда, Әуезов және Темірбеков көшелерінің қиылысында орналасқан сыртқы бейнебақылау камерасы үлкен рөл атқарды. Осы камера арқылы полицейлер аталған әйел суреттеп берген ер адамның аялдамада тұрғанын байқап қалған. Артынша қолға түскен азамат бірден қылмысын мойындады.

Еске салайық, соңғы екі айдың ішінде бейнебақылау камерасы арқылы 30 қылмыстың беті ашылды. Олардың ішінде 4 тонау, 2 автокөлік ұрлау және 9 бұзақылық қылмыстары бар.

Сонымен қатар, 1749 әкімшілік заңбұзушылық, оның ішінде 685 рет жол қозғалысы ережесінің бұзылуы, 41 жол-көлік оқиғасы, 13 автокөлікті қою ережесінің бұзылуы, 4 рет мас күйінде автокөлік басқару фактісі және 1006 өзге де заңбұзушылықтар анықталды.

Соңғы жаңалықтар